Қазақстан мен Германия жеткізілімдердің логистикалық тізбегін нығайту және халықаралық сауда проблемаларын шешу мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Германия жеткізілімдердің логистикалық тізбегін нығайту және халықаралық сауда проблемаларын шешу мәселелерін талқылады
БЕРЛИН, 2022 жылғы 30 наурыз – онлайн-форматта Қазақстан Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Склярдың герман компанияларының басшыларымен 18-ші кездесуі өтті. Іс-шара екі ел арасында іскерлік кездесулер өткізу дәстүрін жалғастырды. Қазақстанның Германиядағы Елшілігі ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитетінің, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және Герман экономикасы шығыс комитетінің қолдауымен ұйымдастырған Вебинар жеткізілімдердің логистикалық тізбегін нығайту және халықаралық сауда проблемаларын шешу мәселелеріне арналды.
Онлайн-кездесуге Германияның жетекші компанияларының 100-ге жуық бірінші басшылары мен өкілдері қатысты, соның ішінде Herrenknecht, Schaeffler, Weidmüller, Gigaset, Alfred Kärcher, Gebrüder Weiss, Kühne+Nägel, Deutsche Bahn AG, Дуйсбург порты және т.б. Іс-шара аясында «Rhenus Logistics» Басқарма мүшесі Михаэль Виферс, «Baltic Sea Bridge» компаниясының Басқарушы директоры Харм Зиверс, «Deutsche Bahn» Халықаралық бөлімінің басшысы Йенс Грэфер, «Hamburger Hafen und Logistik» компаниясының сату жөніндегі директоры Томас Лютье және т.б. баяндама жасады.
Қазақстандық спикерлер Индустрия және инфрақұрылымдық даму Вице-министрі Берік Камалиев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының Бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов, «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік қызметкерлері одағының Бас директоры Ерлан Абсатов және қазақстандық теміржол жүк тасымалдаушылар қауымдастығының Бас директоры Евгений Больгерт деңгейінде қатысты.​
Өз сөзінде Роман Скляр қатысушылардың назарына елдің инфрақұрылымдық дамуының ұлттық бағдарламаларын іске асыру барысы туралы ақпаратты жеткізді, іске асыруға жоспарланған жобалар туралы айтты, Қазақстанның қолайлы географиялық орналасуын, сондай-ақ жоғары транзиттік әлеуетін атап өтті. Оның пікірінше, бұл Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық орталық ретінде елдің дамуына алғышарттар жасайды. Пандемия және елдер арасындағы әуе тасымалдарының қысқаруы аясында ҚХР-дан ЕО-ға Қазақстан аумағы бойынша автомобиль көлігімен жүк тасымалдау айтарлықтай артты.
Герман спикерлері өз сөздерінде Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін жоғары бағалады. «Rhenus» және «Deutsche Bahn» өкілдері Қазақстанмен ынтымақтастықтың оң тәжірибесімен бөлісіп, өңірдегі компаниялардың өкілдігін кеңейту жоспарлары туралы хабарлады. Гамбург және Мукран порттары басшылығының өкілдері Ресей теңіз порттары арқылы Қазақстанға келетін жүктерді үздіксіз өңдеуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы хабарлады, сондай-ақ Қазақстан Үкіметінің көлік инфрақұрылымын жаңғырту және кеңейту, көлік жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және елдің транзиттік әлеуетін іске асыру жөніндегі күш-жігерін құптады.​
Кездесу соңында «сұрақ-жауап» форматында пікірталас өтті, оның шеңберінде Украинадағы соңғы оқиғалар, әлемдік сауданың қысқаруы және елдер арасындағы тауарларды тасымалдауда шектеулерге немесе кідірістерге алып келген бағалардың күрт өсуі қозғалды.