
БЕРЛИН, 2022 ж. 29 наурыз – Бүгін Қазақстандық тараптың бастамасымен ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов Еуропа парламентінің депутаты, «Социал-демократтардың прогрессивті альянсы» фракциясының Төрағасының орынбасары Исмаил Эртугпен кездесті.
Кездесу барысында Қазақстанның Германиямен және еуропалық институттармен өзара іс-қимылының саяси және экономикалық мәселелері, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қозғалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында жария етілген саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды іске асыру барысына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, еуродепутат біздің еліміздің мемлекеттілікті нығайту жолында «үлкен жұмыс атқарғанын» атап өтті.
Сонымен қатар, И.Эртуг Қазақстанның «жасыл» энергетиканы дамыту жөніндегі жоспарларына оң баға берді.
Кездесу соңында Елші Д.Кәріпов парламентаралық диалогты одан әрі нығайту бойынша И.Эртугпен ашық пікір алмасты.