
БЕРЛИН, 2022 жылғы 28 наурыз – бүгін ҚР Президентінің кеңесшісі Мағзұм Мырзағалиев пен ҚР ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов «Siemens Energy» компаниясының Вице-президенті Ариэль Поратпен кездесті.
Кездесудің басты тақырыбы Қазақстанның өнеркәсіптік секторында энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыру саласындағы одан әрі ынтымақтастық перспективаларын және қалалық және муниципалдық энергетикалық инфрақұрылым мен инновацияларды тұрақты дамытуға бағытталған шараларды талқылау болды. Герман тарапы Қазақстан-герман қатынастарының ағымдағы мәртебесі туралы, Қазақстан экономикасын жаңғырту, қолайлы инвестициялық ахуал жасау, шетелдік инвестицияларды тарту және технологиялар трансферті бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етілді.
Ариэль Порат өз кезегінде компания жұмысының бағыттары, Қазақстанда іске асырылып жатқан жобалардың барысы туралы хабардар етіп, 2022 жылға арналған алдағы жоспарлармен және бастамалармен таныстырды.
Компания басшылығы өкілі герман тарапы жалпы алғанда ынтымақтастықтың дамуына оң баға беріп, Қазақстанды бірлескен жобаларды іске асыру кезінде маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын айтты. Кездесу барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық желісі бойынша алдағы іс-шаралар туралы ақпарат алмасты.
Кездесу соңында Берлиндегі газ турбиналарын шығаратын зауытқа барды, оның аясында қатысушылар технологиялық желілермен және сынақ базасымен, сондай-ақ компанияның инновациялық әзірлемелерімен танысты.
«Siemens Energy» компаниясы энергетика саласындағы жетекші жаһандық компания болып табылады. Компанияның қызметі жабдықтар өндірісіне, сондай-ақ электр энергиясын өндіру, беру және сақтау бойынша қызметтер құруға шоғырланады. Энергия өндірісі үшін көздер ретінде дәстүрлі (газ және бу турбиналары, гибридті электр станциялары, электр генераторлары, трансформаторлар және т.б.), сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері пайдаланылады. Әлемде өндірілетін электр энергиясының 1/6 бөлігі неміс компаниясының технологияларына негізделген.