ХАСБЕРГЕН-ГАСТЕ, КРОЙЦТАЛ, 2022 жылғы 15 наурыз – Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жеріне жұмыс сапары барысында ҚР ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов «AMAZONEN-WERKE H. DREYER» компаниясының иесі және Басқарма төрағасы Кристиан Дрейермен және «Achenbach Buschhütten» компаниясының Басқарма төрағасы Андре Бартемен кездесті.
Ынтымақтастық мәселелерін талқылау аясында Елші Дәурен Кәріпов бизнесті жүргізу шарттары, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және Қазақстандағы қолайлы инвестициялық ахуал, сондай-ақ Қазақстан Үкіметінің экономикалық өсу мен азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі шаралары туралы айтып берді. Кездесулер барысында Қазақстан мен Германия арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды.
Елші Дәурен Кәріпов компания өкілдерін Қазақстан Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өтетін Герман бизнесімен ай сайынғы онлайн-кездесулерге, сондай-ақ 2022 жылғы мамырда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Берлин Еуразиялық клубының кезекті 34-ші отырысына қатысуға шақырды.
Кездесу қорытындысы бойынша германиялық компаниялардың басшылары екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және түрлі салалардағы бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.
«AMAZONEN-WERKE H. DREYER» компаниясы ауыл шаруашылығы және коммуналдық техниканың жетекші өндірушісі болып табылады. Компания саладағы ең инновациялық компаниялардың бірі болып табылады және әлемнің әртүрлі елдерінде 9 өндірістік кәсіпорны бар. «Achenbach Buschhütten» – алюминий, мыс, мырыш және олардың қорытпаларына арналған илемдеу машиналарын шығаруда әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылатын отбасылық кәсіпорын.