Елші Дәурен Кәріпов "Vossloh AG" және "Miele Gruppe" компанияларының бірінші басшыларымен кездесті

Елші Дәурен Кәріпов "Vossloh AG" және "Miele Gruppe" компанияларының бірінші басшыларымен кездесті

ВЕРДОЛЬ, ГЮТЕРСЛО, 2022 жылғы 14 наурыз – Солтүстік Рейн-Вестфалия федералдық жеріне жұмыс сапары шеңберінде ҚР ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов "Vossloh AG" компаниясының Басқарма Төрағасы Оливер Шустермен және Басқарма мүшесі Ян Фурниваллмен, сондай-ақ "Miele Gruppe" компаниясының Басқарушы директоры доктор Аксель Книльмен кездесулер өткізді.

Кездесулер барысында Дәурен Кәріпов Қазақстан басшылығының әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру, экономикалық өсуді қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі шаралары туралы хабардар етті. Ол сондай-ақ Қазақстанның жаңа Үкіметінің алдына елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруды қамтамасыз ету болып табылатын Инвестициялық саясат тұжырымдамасын әзірлеу бойынша міндет қойылғандығын жеткізді.

Дипломатиялық өкілдіктің басшысы биыл Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қатынастарына 30 жыл толғандығын атап өтті. Осы кезеңде екіжақты ынтымақтастықтың қомақты шарттық-құқықтық базасы құрылды, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі халықаралық жұмыс тобы, Берлин Еуразиялық клубы, Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың басшылығымен арнайы үкіметтік жұмыс тобы сияқты диалог алаңдары жоспарлы жұмыс істеуде.

Кездесу қорытындысы бойынша Герман тарапының өкілдері ел Үкіметінің кешенді шараларын қабылдады, Қазақстан туралы инвестициялар мен жоғары технологиялық жобаларды іске асыру үшін тартымды ел ретінде айтып өтті, сондай-ақ ҚР аумағында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерттеуге қызығушылық білдірді.

"Vossloh" компаниясы темір жол инфрақұрылымын салу және қызмет көрсету саласындағы жетекші әлемдік жеткізуші болып табылады. Өз кезегінде, "Miele" компаниясы жоғары сапалы ыдыс жуатын және кір жуатын машиналарды, үтіктеуге арналған машиналарды, кептіргіштерді, электр плиталары мен пештерді, микротолқындық пештерді, тоңазытқыштарды, сорғыштарды, шаңсорғыштарды, мейрамханалар мен дәмханаларға арналған жабдықтарды және т.б. өндіруге маманданған. Компания әлемде алғашқылардың бірі болып күнделікті машиналарды, сондай-ақ олардың автоматтандырылған нұсқаларын жаппай өндіруді бастады.