
ИПХОФЕН, ЗАЛАХ, 2022 жылғы 10 наурыз – Бавария федералдық жеріне жұмыс сапары шеңберінде ҚР ГФР-дағы Елшісі Д.Кәріпов «Knauf Gruppe» акционері Николаус Кнауфпен, басқарушы акционер Уве Кнотцермен және кеңесші, Герман экономикасы Шығыс комитетінің Орталық Азия бойынша жұмыс тобының спикері Манфред Грундкемен, сондай-ақ «EMAG Gruppe» компаниясының басқарушы директорлары Маттиас Кляйнмен және Свен Хартвихпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Дәурен Кәріпов Қазақстан экономикасын жаңғырту, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, шетелдік инвестицияларды тарту, технологиялар трансферті бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті. Жүргізілген жұмыс нәтижелерінің бірі ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың басшылығымен германиялық инвесторлармен жұмыс жөніндегі арнайы үкіметтік жұмыс тобын құру болды.
Дипломатиялық өкілдіктің басшысы сондай-ақ ел басшылығының әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі шаралары туралы хабардар етті. Қазақстанның жаңа үкіметі міндеттерінің бірі елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу болып табылады.
Кездесу барысында компанияның экспортқа бағытталған өндірісті кеңейтуге бағытталған ҚР-дағы жаңа инвестициялық жобаларын іске асыру мүмкіндіктері мен перспективалары талқыланды. Герман тарапының өкілдері елдер арасындағы түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың, бизнес өкілдері арасында тікелей байланыстар орнатудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ ҚР аумағында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерттеуге қызығушылық білдірді.
«Knauf Gruppe» компаниясы әлемдегі құрылыс материалдарының жетекші өндірушілерінің бірі болып табылады. 2001 жылдан бастап компания Қазақстанда жұмыс істейді. Герман Инвестициялар және даму қоғамының (DEG) қолдауымен жалпы сомасы 25 млн. еуроға жүргізілген қайта құрудан кейін 2004 жылы Алматы облысының Заречный кентіндегі гипсокартон зауытының базасында «Кнауф Гипс Қапшағай» кәсіпорны құрылды. Қазақстандық компанияның өндірістік базасында құрылыс саласының мамандарын даярлауға арналған Оқу орталығы, сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы және Қостанай құрылыс колледждерінде үш ресурстық орталық және Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының (ҚазБСҚА) базасында Алматыда консультациялық орталық құрылды.
«EMAG» компаниясы автомобиль, авиация, энергетика және өндіруші өнеркәсіп саласында бөлшектерді өңдеуге арналған станоктар мен өндірістік жүйелердің жетекші жеткізушісі болып табылады.