Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов UNASDG үкіметтік емес ұйымының президенті Патрик Майермен кездесу өткізді

Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов UNASDG үкіметтік емес ұйымының президенті Патрик Майермен кездесу өткізді

БЕРЛИН, 2022 жылғы 18 ақпан – Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов «UN Alliance for Sustainable Development Goals» (UNASDG) халықаралық үкіметтік емес ұйымының президенті Патрик Майермен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Елші Кәріпов Қазақстан басшылығының әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыруға, экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралары туралы хабардар етті. Ол сондай-ақ Қазақстанның жаңа Үкіметінің алдынағы мақсаты – мемлекетіміздің инвестициялық тартымдылығын арттыруды қамтамасыз ету болып табылатын Инвестициялық саясат тұжырымдамасын әзірлеу бойынша міндет қойылғанын атап өтті. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың маңыздылығын және Қазақстан үкіметі тарапынан герман инвесторларының қатысуымен жобаларды іске асыруға ерекше қолдау көрсетіліп жатқанын жеткізді.

Өз кезегінде, UNASDG Президенті өз ұйымының қызметі туралы хабардар етті және Қазақстанда денсаулық сақтау, білім беру, жасыл энергетика сияқты әлеуметтік маңызды салаларда тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған жобаларды қаржыландыруға көмек көрсетуге дайын екенін айтып өтті. Ол сондай-ақ Қазақстанның үкіметі іске асырып жатқан кешенді шаралар туралы оң пікірін білдіріп, ҚР аумағында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерделеуге мүдделілігін білдірді. Оның айтуынша, Қазақстан инвестициялар мен жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыру үшін тартымды ел болып табылады.

UNASDG 2019 жылы Хельсинкиде БҰҰ қалалар басшыларының «25+5» конференциясында UNGSII-мен (БҰҰ жаһандық тұрақтылық индексі институты) ынтымақтастықта консультативтік ұйым ретінде құрылды. Ұйымды БҰҰ мойындады және өз қызметінде 2015 жылғы 25 қыркүйекте БҰҰ БА шеңберінде айқындалған орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуді үйлестіруді қамтамасыз етеді.