ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі ГФР СІМ-нің жаңа Мемлекеттік хатшысымен кездесу өткізді

ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі ГФР СІМ-нің жаңа Мемлекеттік хатшысымен кездесу өткізді

БЕРЛИН, 2022 жылғы 17 ақпан – ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов Германияның сыртқы саяси ведомствосының жаңа Мемлекеттік хатшысы Андреас Михаэлиспен кездесті.

Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауының 30 жылдығына орай екіжақты ынтымақтастығы жан-жақты талқыланды. Тараптар экономикалық және ғылыми-білім беру салаларындағы өзара іс-қимылдың елеулі ілгерілеуін және екі мемлекеттің бизнес өкілдері арасындағы байланыстардың ұлғаюын атап өтіп, энергетика саласындағы, оның ішінде Германияның «Жасыл Орталық Азия» бастамасы мен ЖЭК саласындағы басым жобалары жөнінде пікір алмасты.

Сонымен қатар, кездесу барысында Елші Д.Кәріпов ГФР СІМ-нің өкілін  Қазақстандағы қазіргі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы, сондай-ақ ел басшылығының тұрақты экономикалық өсуді және қоғамдық әл-ауқатты қамтамасыз ету жөніндегі бастамалары мен шаралары туралы хабардар етті.

А.Михаэлис өзінің жаңа қызметіне 2022 жылдың 3 қаңтарында тағайындалған. Ол бұған дейін ГФР-дың Ұлыбританиядағы, Израильдегі және Сингапурдағы Елшісі болып жұмыс істеген, сондай-ақ Германияның СІМ жүйесінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарды.