Елші Дәурен Кәріпов «KRONES AG» компаниясының басшылығымен кездесу өткізді

Елші Дәурен Кәріпов «KRONES AG» компаниясының басшылығымен  кездесу өткізді

НОЙТРАУБЛИНГ, 2022 жылғы 16 ақпан – Бавария федералдық жеріне жұмыс сапары аясында ҚР ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов «KRONES AG» компаниясының басқарма мүшелері Маркус Тишермен және Норберт Брогермен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Д.Кәріпов Қазақстан экономикасын жаңғырту, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, шетелдік инвестицияларды тарту, технологиялар трансферті бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Жүргізілген жұмыс нәтижелерінің бірі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың басшылығымен германиялық инвесторларымен жұмыс жөніндегі арнайы үкіметтік жұмыс тобын құру болды.

Сондай-ақ дипломатиялық өкілдіктің басшысы ел басшылығының әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі шаралары туралы хабардар етті. Қазақстанның жаңа үкіметі міндеттерінің бірі елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған инвестициялық саясаттың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу болып табылады.

Германиялық бизнесмендер екі ел арасындағы түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың, бизнес өкілдері арасында тікелей байланыстар орнатудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ ҚР аумағында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерттеуге қызығушылық білдірді.

«KRONES AG» тамақ өнеркәсібіне арналған технологиялық және қаптама жабдықтарын өндіру бойынша жетекші компания болып табылады. Өндірістік процестің барлық кезеңдеріне – өнімді өндіруден, оны құюдан және таңбалаудан бастап, соңғы буып-түюге және жөнелтуге дайындауға дейін арналған қондырғылар мен машиналардың әртүрлі түрлерін шығарады, сондай-ақ өндірістік IT-жүйелерді біріктіреді.