
МЮНХЕН, ПУЛЛАХ, ВОЛЬФЕРТШВЕНДЕН, 2022 жылғы 15 ақпан – Бавария федералдық жеріне жұмыс сапары шеңберінде ҚР ГФР-дағы Елшісі Д.Кәріпов «Linde AG» компаниясының Шығыс Еуропа және Таяу Шығыс бойынша Президенті Оливер Пфаннмен және мұнай-химия зауыттары бойынша компанияның вице-президенті Райнхарт Фогельмен, «EOS Gruppe» негізін қалаушы және иесі Ханс Лангермен және «EOS GmbH Electro Optical Systems» компаниясының аға вице-президенті Маркус Глассермен, сондай-ақ «MULTIVAC Sepp Haggenmülle» вице-президенті Грегор Томалламен кездесулер өткізді.
Кездесулер барысында Д.Кәріпов Қазақстан басшылығының әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын арттыру жөніндегі шаралары туралы хабардар етті. Сондай-ақ Қазақстанның жаңа Үкіметінің алдына мақсаты елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруды қамтамасыз ету болып табылатын Инвестициялық саясат тұжырымдамасын әзірлеу бойынша міндет қойылғанын атап өтті.
Дипломатиялық өкілдіктің басшысы биыл Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 30 жыл болғанын атап өтті. Осы кезеңде екіжақты ынтымақтастықтың қомақты шарттық-құқықтық базасы құрылды, сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық жұмыс тобы, Берлин Еуразиялық клубы, Қазақстан Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Р.Склярдың басшылығымен арнайы үкіметтік жұмыс тобы сияқты диалог алаңдары жоспарлы жұмыс істеуде.
Кездесу қорытындысы бойынша неміс кәсіпкерлері ел Үкіметінің кешенді шараларын оң қабылдады, Қазақстан туралы инвестициялар мен жоғары технологиялық жобаларды іске асыру үшін тартымды ел ретінде айтты, сондай-ақ ҚР аумағында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерттеуге қызығушылық білдірді.
«Linde» компаниясы өнеркәсіптік және медициналық мақсаттағы (ацетилен, оттегі және т.б.) техникалық газдарды әлемдік жетекші өндірушілердің бірі болып табылады. «EOS Group» - металдар мен пластиктерді өнеркәсіптік 3D-басып шығару саласындағы әлемдік көшбасшы, аддитивті өндіріске арналған жабдықтар, материалдар және кешенді шешімдер саласындағы жаңашыл компания. Өз кезегінде, «Multivac» компаниясы тамақ өнімдерінің барлық түрлерін, биотехнологиялық және медициналық өнімдерді, сондай-ақ өнеркәсіптік тауарларды орау бойынша өндірістік шешімдерге маманданған.