ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары неміс бизнес өкілдерімен онлайн кездесу өткізді

ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары неміс бизнес өкілдерімен онлайн кездесу өткізді

БЕРЛИН, НҰР-СҰЛТАН, 2022 жылғы 26 қаңтар – бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Р.Склярдың неміс компанияларының басшыларымен кезекті онлайн кездесуі өтті. Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігі Герман экономикасы Шығыс комитетінің қолдауымен дәстүрлі түрде ұйымдастырған кездесудің негізгі тақырыбы екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық, «жасыл экономиканы» дамыту, Қазақстан экономикасының салалары үшін кадрларды даярлау және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері болды.

Онлайн кездесуге неміс компанияларының және олардың Қазақстандағы өкілдіктерінің, сондай-ақ Германияның федералдық мемлекеттік органдарының, салалық және аймақтық бизнес қауымдастықтарының 100-ге жуық басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Р.Скляр өз баяндамасында елдегі қазіргі жағдайы, жаңа үкіметтің қалыптасуы, экономиканың тұрақты өсімін, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз ету және инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі ел басшылығының стратегиялық бастамалары туралы жан-жақты хабардар етті.

Өз кезегінде «WILO SE» компаниясының президенті және басқарма төрағасы, Герман экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы О.Гермес Германияның аймақтағы басты серіктесі болып табылатын Қазақстанмен ынтымақтастықтың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мемлекетіміздің «тұрақты энергия өндірудің үлкен әлеуеті» бар және ол Германия үшін «қалаулы серіктес» болып табылады.

Онлайн-кездесудің соңында «сұрақ-жауап» форматында пікірталас өтіп, оның аясында іс-шараға қатысушылар сұрақтар қойып, ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пікірлерімен бөлісуге мүмкіндік алды.