
ФРИДРИХСТАЛ, ФЕЛЬКЛИНГЕН, 2021 жылғы 20 желтоқсан – Саар федералдық жеріне жұмыс сапары шеңберінде Елші Дәурен Кәріпов «Becker Mining Systems» компаниясының Басқарушы директоры Вольфганг Вегенермен және «Montan-Stiftung-Saar» қорының және геоғылымдар және пайдалы қазбалар жөніндегі Федералдық ведомствосының (BGR) қамқоршылық кеңестерінің мүшесі Ханс-Йоахим Вельшпен кездесулер өткізді.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат Қазақстан экономикасын жаңғырту, қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру, шетелдік инвестицияларды тарту, технологиялар трансферті бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Жүргізілген жұмыс нәтижелерінің бірі ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың басшылығымен германиялық инвесторларымен жұмыс жөніндегі арнайы үкіметтік жұмыс тобын құру болды.
Сондай-ақ, дипломатиялық өкілдіктің басшысы қазақстандық экономиканы жаңғыртуға бағытталған бірқатар іс-шаралар көзделген шикізат, өнеркәсіп және технологиялық салалардағы әріптестік туралы Қазақстан-Герман үкіметаралық Келісімнің іске асырылуы барысы туралы хабардар етті. Ол Қазақстан экономикасының жоғары білікті мамандарға деген қажеттілігін ерекше атап өтті. Осы бағыттағы маңызды шешімдердің бірі «Herrenknecht AG» компаниясымен осы компания негізінде жас қазақстандық инженерлерді жыл сайын тағылымдамадан өткізу туралы уағдаластық болды.
Герман тарапының өкілдері екі ел арасындағы түрлі салалардағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытудың, бизнес өкілдері арасында тікелей байланыстар орнатудың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ ҚР аумағында бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін зерттеуге қызығушылық білдірді.
Штаб-пәтері Фридрихстальда орналасқан «Becker Mining Systems» әлемдегі тау-кен өнеркәсібіне арналған кешенді энергетикалық, автоматтандырылған, коммуникациялық және көлік инфрақұрылымының жалғыз жеткізушісі болып табылады. Германиядан басқа, компания әлемнің көптеген елдерінде өзінің еншілес компаниялары арқылы ұсынылған.