
НҰР-СҰЛТАН / БЕРЛИН / КЕМНИЦ, 2021 ж. 29 қараша – Кемниц қаласының (Саксония федералдық жері) сауда-өнеркәсіп палатасының алаңында Қазақстанның Германиядағы Елшілігімен бірлесіп онлайн форматта дөңгелек үстел ұйымдастырылды, оған неміс компанияларының басшылары, негізінен, федералдық Саксония және Тюрингия штаттары қатысты. Кездесудің тақырыбы қоршаған ортаны қорғау саласындағы алға қойылған мақсаттарды ескере отырып, жаңа технологиялар, инвестициялар және бірлескен жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыру саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері болды. Іс-шараға ұйымдастырушылық қолдауды Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігі мен Саксония және Саксония-Анхальт федералдық жерлеріндегі Қазақстанның Құрметті консулының кеңсесі көрсетті.
Онлайн кездесу барысында Кемниц сауда-өнеркәсіп палатасының бас директоры Ханс-Йоахим Вундерлих, Қазақстан Республикасының Саксония және Саксония-Анхальт федералдық жерлеріндегі Құрметті консулы Йоахим Энгельман, «DEInternational» ЖШС басшысы Инна Ширли, Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Овсеп Восканян, «SVEVIND» вице-президенті доктор Рене Пфорте және «Chemieanlagenbau Chemnitz GmbH» өкілдері доктор Марио Кушель және доктор Рене Штальшмидт қатысты. Қазақстандық тарап Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріповтің, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік және инфрақұрылымды дамыту департаментінің директоры Серік Бәшімовтың, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ стратегиялық жоспарлау, бизнесті дамыту және ақпараттандыру департаментінің директоры Рұслан Молдағайыповтың деңгейінде ұсынылды.
Іс-шараға неміс компаниялары мен олардың Қазақстандағы филиалдарының 40-қа жуық басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ қазақстандық мемлекеттік органдары мен ұлттық компанияларының өкілдері қатысты.
Елші Кәріпов өз баяндамасында мемлекет басшылығының экологияны жақсартуға, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейтуге, табиғатқа құрметпен қарау жөнінде тәрбие беруге бағытталған стратегиялық бастамалары туралы хабардар етті. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық заңнамалық стандарттарға сәйкес келетін Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексін қабылдауға ерекше назар аударылды. Қазақстандық дипломаттың сөзін жалғастырған салалық министрліктер мен ұйымдардың өкілдері «жасыл» энергетиканы дамыту, климатты қорғау, өнеркәсіпті декарбонизациялау, интеллектуалды көлік жүйесін құру, «ақылды жол» ұғымын енгізу шаралары туралы толық ақпаратпен бөлісті.
Неміс тарапынан сөйлеген Вольфганг Вундерлих баяндамасында Қазақстан әлі күнге дейін Орталық Азиядағы неміс экономикасының ең маңызды серіктесі болып табылатынын және осыған байланысты екі елдің компанияларының ынтымақтастығы оңай құрылуы және пайдалы болуы үшін екі тарап та жағдай жасау керек екенін атап өтті.
Бұл ретте Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Овсеп Восканян дамушы өнеркәсіптің стратегиялық әлеуеті, кәсіпкерлік мәдениет үшін инвестициялық ынтымақтастық қалай нығайып, жаңа іскерлік байланыстар қалай құрылып жатқаны туралы және бизнес үшін жаңа бағыттардың ашылуы тәжірибесімен және ақпаратымен бөлісті.
Іс-шара барысында неміс «SVEVIND» компаниясы жаңартылатын энергия саласындағы құны 20 миллиард еуродан асатын ең ірі жобаны таныстырды. Жоба аясында Маңғыстау облысында жалпы қуаты 30 гигаватт жел және күн электр станцияларын орнату жоспарлануда.
Онлайн отырысының соңында сұрақ-жауап форматында пікірталас өтіп, оның аясында іс-шараға қатысушылар сұрақтар қойып, ынтымақтастықты дамыту бойынша өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік алды.
Кемниц сауда-өнеркәсіп палатасы бес аймаққа (Кемниц, Орталық Саксония, Кенді таулар, Фогтланд қалалары және Цвикау районы) бөлінген Оңтүстік-Батыс Саксониядағы сауда және бизнес мүдделерінің аймақтық өкілдігі болып табылады. 70 мыңнан астам компания СӨП мүшелері болып табылады. Сауда-өнеркәсіп палатасы жергілікті экономикасының жекелеген салалар шеңберінен шығатын субъектілеріне қолдау көрсетеді.