Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай Берлин филармониясында А.Мұсақожаеваның жетекшілігімен Қазақ ұлттық өнер университетінің Еуразия симфониялық оркестрінің мерекелік концерті өтті

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығына орай Берлин филармониясында А.Мұсақожаеваның жетекшілігімен Қазақ ұлттық өнер университетінің Еуразия симфониялық оркестрінің мерекелік концерті өтті

БЕРЛИН, 2021 ж. 23 қараша – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі Қазақ Ұлттық Өнер университетімен (ҚазҰӨУ) бірлесіп, ҚР Халық әртісі Айман Мұсақожаева басқаратын Еуразиялық симфониялық оркестрінің концертін ұйымдастырды.

Германия астанасындағы классикалық музыканың жүрегі болып саналатын Берлин филармониясының Үлкен залының сахнасында дирижер Айдар Торыбаевтың көркемдік жетекшілігімен Салтанат Ахметова (сопрано) және Талғат Мұсабаев (баритон) қазақ классиктері Тілес Қажығалиевтің, Еркеғали Рахмадиевтің, Ахмет Жұбановтың, Мұқан Төлебаевтың, Жаяу Мұса мен Латиф Хамидидің шығармаларын орындады, ал Еуразия симфониялық оркестрінің орындауында классикалық музыканың замандастары Ақтоты Райымқұлованың, Әлқуат Қазақбаевтың және жас талант Рахат-Би Әбдісагиннің шығармалары орындалды.

«Шабыт» ансамблінің орындауындағы қазақтың ұлттық аспабы домбыраның үні неміс көрермендерді ерекше қуанышқа бөледі.

Өзінің құттықтау сөзінде Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов қонақтарға республикамыздың 30 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктері туралы және соның арқасында бүгінгі таңда Қазақстан өңірдегі заманауи дамыған мемлекетке айналып, Германияның Орталық Азиядағы маңызы зор серіктесі болып табылатынын атап өтті. Қазақстандық дипломат мемлекетімізде 100-ден астам этнос пен 18 конфессияның өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айтып, Қазақстанның халқы ұлтаралық және мәдениетаралық келісімнің үлгісі екенін атап өтті. Ал «тірі көпір» деп аталатын Қазақстандағы этникалық немістер мен Германияда тұрып жатқан бұрынғы отандастарымыз, оның айтуынша, халықтар достығының ең көрнекті үлгісі болып табылады.

Еліміздегі маңызды тарихи оқиғаға арналған концерт зор қошеметке ие болып, Германия астанасының тұрғындары мен қонақтарын қызықтырды.