
БЕРЛИН, 2021 жылғы 11 қараша – Германия тарапының өтініші бойынша Елшілікте Елші Д.Кәріповтың «Deutsche Bahn AG» компаниясының өкілдері – Еуропа, Таяу және Орта Шығыс жөніндегі директор Винсент Ван Хоутенмен және Халықаралық байланыстар жөніндегі директор Йенс Грэфермен кездесуі өтті.
Кездесудің басты тақырыбы «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Deutsche Bahn AG» қатысуымен 2019 жылдың мамыр айында жасалған жолаушылар тасымалын басқарудағы ынтымақтастық туралы Келісім шеңберінде Еуропаның жетекші теміржол операторымен ағымдағы мәртебені талқылау және ынтымақтастықты дамыту болды. Қазіргі уақытта Герман мамандарын тарта отырып, қазақстандық «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқару бойынша бірлескен жоба іске асырылуда. Жоба клиентке бағдарлануға, операциялық тиімділікке және процестерді қайта ұйымдастыруға, оның ішінде стандартты қайталанатын тапсырмаларды автоматтандыруға және шығындарды басқаруға бағытталған.
Компания өкілдерінің айтуынша, герман тарапы жалпы алғанда ынтымақтастықтың дамуына оң баға беріп, Қазақстанды бірлескен жобаларды іске асыру кезінде маңызды стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Кездесу барысында тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық желісі бойынша алдағы іс-шаралар туралы ақпарат алмасты.
«Deutsche Bahn AG» - Германияның басты теміржол операторы. Компания теміржол арқылы жолаушылар мен жүктерді тасымалдау бойынша көлік қызметтерін, сондай-ақ басқа да логистикалық қызметтерді ұсынады. Компания жолаушылар тасымалы, логистика және инфрақұрылым бойынша топтарға біріктірілген, бір-бірінен тәуелсіз жеке бөлімшелерден тұрады.