
2021 жылғы 31 қазан мен 7 қараша аралығында Төменгі Саксония Федералдық жерінің бірқатар қалаларында «Еуразия 2021. Қазақстан Фокусы» атты Үшінші музыкалық фестиваль өтіп жатыр. Биыл фестиваль арнайы біздің мемлекетіміздің құрметіне арналған (осыдан бұрын серіктес елдер Франция мен Оңтүстік Корея болған).
Ү.ж. 5 қарашада Ганноверде Фестивальдің басты мерекелік кеші өтті. Онда ҚР-дың Ганновер қаласындағы Консулы Алтай Ысқақов концертке қатысушылар мен қонақтардың алдында құттықтау сөз сөйледі. Қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығы қарсаңындағы бұл мәдени іс-шараның символдық мәнін, сондай-ақ оның қазақстандық музыкалық өнерін танымал ету және Қазақстан мен Германия арасындағы мәдени байланыстарды кеңейту үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.
Фестиваль аясында германиялық дирижер Ханс-Кристан Ойлер жетекшілік ететін Ганновердің Камералық оркестрі заманауи қазақстандық композитор және пианист Арман Жайымның, сондай-ақ еуропалық классиктерінің шығармаларын орындады. «Еуразия 2021. Қазақстан фокусы» фестивалінің ашылуында қазақтың ұлы ақыны және композиторы Абай Құнанбайұлының шығармаларын орындаған танымал қазақстандық тенор Қайыржан Жолдыбаев арнайы қонағы болды. Қазақстандық тенордың сахнаға шығуы мерекелік кешке ұлттық нақыш берді.
Іс-шараның қонақтары қоғам және музыка қайраткерлері, Төменгі Саксония Федералдық жерінің БАҚ өкілдері болды. Олар Қазақстан халқына одан әрі гүлдену мен тұрақтылық жолында өздерінің ізгі тілектерін білдірді.