Инвестициялық жобаларды үйлестіру комитетінің 1-ші отырысы өтті

Инвестициялық жобаларды үйлестіру комитетінің 1-ші отырысы өтті

ХЕРЦОГЕНАУРАХ, 2021 жылғы 26 қазан – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Скляр бастаған қазақстандық делегацияның Германияға жұмыс сапары аясында әлемдегі жетекші машина жасау компанияларының бірі «Schaeffler AG» компаниясының алаңында екі мемлекеттің іскерлік топтары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара аясында «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның және Герман экономикасы Шығыс комитетінің қатысуымен Инвестициялық жобаларды үйлестіру комитетінің 1-ші отырысы ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ.Тоқаевтың 2019 жылы Германияға ресми сапары барысында қол қойылған Бірлескен жоспарға сәйкес инвестициялық жобалар мен келісімдерді іске асыру шеңберіндегі бірлескен жұмыстың аралық қорытындылары белгіленді.

Кездесу барысында Роман Скляр бүгінгі таңда бірлескен жобаларды жүзеге асыруда белгілі табыстарға қол жеткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ индустрияландыру және инвестиция саласындағы Үйлестіру комитетінің жұмыс істеуі Қазақстан мен Германия арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға жаңа серпін мен қомақты үлес қосатыны айтылды.

Өз кезегінде Герман экономикасы Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс екі ел арасындағы сауда-экономикалық және достық байланыстарды нығайту мақсатында Шығыс комитеті алдағы уақытта Қазақстанмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бар күш-жігерін салатынын айтты.

Отырыс аясында Комитет бірлескен жобалардың тізбесін бекітті, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру мониторингі нәтижелері бойынша кездесулер өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізді.