
ХЕРЦОГЕНАУРАХ, 2021 жылғы 26 қазан – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Склярдың төрағалығымен Херцогенаурах қаласында (Бавария федералдық штаты) әлемдегі жетекші машина жасау компанияларының бірі болып табылатын «Schaeffler AG» алаңында неміс бизнесінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігі Герман экономикасы Шығыс комитетінің қолдауымен дәстүрлі түрде ұйымдастырған іс-шара гибридтік форматта «Машина жасаудағы жаңа технологиялар – цифрландыру өсудің драйвері ретінде» тақырыбында өтті. Дөңгелек үстелге Бавария федералдық жерінің, Нюрнберг және Херцогенаурах қалалары әкімшілігінің өкілдері, сондай-ақ Бавариядағы ірі өндірістік компаниялардың бірінші басшылары. Олардың қатарында Gigaset, BOMAG, EOS GmbH Electro Optical Systems, Svevind Energy, Hermann Paus Maschinenfabrik, General Electric, Infineon Technologies және т.б.
Дөңгелек үстел барысында қазақстандық тараптан «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы М.Юсупов, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі А.Оразбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі М.Қарабаев қатысты. Іс-шараға сонымен қатар Қазақстанның Германиядағы Елшісі Д.Кәріпов, ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның, «Зерде» ҰБХ» АҚ-ның басшылары қатысты.
Герман тарапынан іс-шараға «Schaeffler AG» компаниясының президенті К.Розенфельд, Бавария федералдық жерінің ішкі істер министрі Й.Херманн, сондай-ақ басқа да неміс концерндерінің өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында машина жасау, өнеркәсіпті автоматтандыру және цифрландыру, технологиялар трансферті және инженерлік-техникалық кадрларды даярлау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Неміс бизнесмендері Мемлекет басшысының Германияға жасаған сапарларында атап өтілген неміс бизнесіне ерекше жағдайлар мен преференциялар, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтарда бажсыз режим, жер телімдері мен инфрақұрылымды жеделдетіп беру жөніндегі бастамалары туралы хабардар болды. Сонымен қатар, «Дөңгелек үстелге» қатысушылар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын және Қазақстан Республикасындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Дөңгелек үстел аясында неміс капиталының қатысуымен нақты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша бірқатар екіжақты кездесулер, тікелей іскерлік байланыстарды орнату үшін нетворкинг сессиялары өтті.