
ХЕРЦОГЕНАУРАХ, 2021 жылғы 25 қазан - Бавария федералдық жеріне жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының бірінші орынбасары Ғабит Сыздықбеков «PUMA SE» компаниясының Басқарма төрағасы Бьорн Гүлденмен кездесу өткізді. Кездесуге сонымен қатар ҚР Сыртқы істер министрлігі Инвестициялар комитетінің және «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ-ның өкілдері қатысты.
Келіссөздер барысында қазақстандық тарап бизнесті жүргізудің шарттары мен Қазақстан Республикасындағы қолайлы инвестициялық ахуал, арнайы экономикалық аймақтардың жұмыс істеуі және мемлекет пен шетелдік компаниялар арасында сенімді диалогтың дамуы туралы ақпарат берді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және әр түрлі салада бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.
«PUMA SE» – спорттық аяқ киім, киім, аксессуарлар мен парфюмерия өндіруге маманданған белгілі неміс компаниясы. Бүгінгі таңда компания бүкіл әлем бойынша 116 брендтік дүкендер желісіне, нарықта мықты позицияға ие. Бренд көптеген табысты спортшылармен және спорт бірлестіктерімен ынтымақтасады, көптеген спорттық шаралардың ресми демеушісі болып табылады.