Берлинде қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды

Берлинде қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткіші ашылды

БЕРЛИН, 2021 ж. 22 қазан – бүгін Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігінің ауласында қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы, жазба қазақ әдебиетінің және қазақ әдеби тілінің негізін қалаушысы, философы, композиторы, аудармашысы, саяси қайраткері Абай Құнанбайұылының ескерткіші ашылды. Бұл жоба ҚР-дың Швейцариядағы Елшілігімен бірлесіп жүзеге асырылды.

Салтанатты іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Берлиннің Панков ауданының әкімі Зөрен Бенн, депутаттар, федералдық министрліктер мен ведомстволарының басшылығы, саясаткерлер, іскерлік топтар мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ Панковтың көптеген тұрғындары, Қазақстанның достары қатысты.

Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов өзінің алғы сөзінде осы жобаны іске асыруда қолдау көрсеткен тұлғаларға, оның ішінде Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Әлібек Бақаевқа, жобаның демеушісі Қайрат Тілеубаевқа, ескерткіштің авторы Болат Мекебаевқа және Абайдың шығармаларын неміс тіліне аударып, көп жылдар бойы «Қазақ кітапханасы» жобасына атсалысқан Леонард Кошутқа алғысын білдірді.

Сөз кезегінде, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова неміс қонақтарына ұлы ақын туралы айтып, халықтар арасындағы достықтың негізі болып табылатын мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мен тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.

Ресми ашылу рәсімі арнайы Қазақстаннан келген Қазақ ұлттық өнер университеті мукыканттарының Абайдың өлеңдері мен қазақ ұлттық шығармаларының орындалуымен жалғасты.

Қонақтар іс-шара барысында мемлекетіміздің табиғатын, мәдениетін, салт-дәстүрлері мен көрнекі жерлерін көрсететін фотокөрмені тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм тәтті.