Қазақстан-Герман сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының тең төрағаларының онлайн отырысы өтті

Қазақстан-Герман сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының тең төрағаларының онлайн отырысы өтті

НҰР-СҰЛТАН/БЕРЛИН, 2021 ж. 14 қазан – Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының тең төрағалары – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров пен ГФР Федералдық экономика және энергетика министрінің орынбасары доктор Экхард Францтың онлайн отырысына қатысты. Кездесуді Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі, ГФР Федералдық экономика және энергетика министрлігі мен ҚР СІМ Инвестициялар комитеті ұйымдастырды.

Кездесу барысында Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағы талқыланды.

А.Айдаров өз сөзінде бірлескен жұмысты жалғастыру қажеттігін, оның ішінде екі мемлекет арасындағы шикізат, өнеркәсіптік және технологиялық салалардағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді іске асыру аясындағы жобалар бойынша жұмыс жүргізу маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, қазақстандық тарап Қазақстан Республикасының Үкіметі мен квазимемлекеттік сектор арқылы неміс бизнесін қолдау бойынша бұрын-соңды болмаған шараларды ерекше атап өтті.

Э.Франц өз жауабында ҚР мен ГФР арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің, өзара тиімді іскерлік байланыстарды кеңейтудің, әр түрлі салалардағы тәжірибемен және технологиялармен алмасудың, сондай-ақ Қазақстан экономикасының түрлі салалары үшін мамандарды даярлау жүйесін дамытудың маңыздылығын атап өтті.

Кездесу барысында тараптар екі ел үкіметтерінің коронавирустық пандемияға байланысты дағдарыстың теріс экономикалық салдарын барынша азайту бойынша қабылдаған шаралары туралы ақпаратпен алмасты және 2022 жылы Жұмыс тобының келесі кездесуінің мерзімдері туралы алдын ала келісілді.