
БЕРЛИН, 2021 ж. 29 қыркүйек - бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Склярдың неміс компанияларының басшыларымен 14-ші онлайн кездесуі өтті. Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігі, ҚР СІМ Инвестициялар комитеті, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Герман экономикасы Шығыс комитетінің қолдауымен ұйымдастырған вебинар қазақстандық экономиканың әр түрлі салалары үшін мамандарды даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға, кәсіптік және техникалық оқыту саласында неміс университеттерімен және жоғары технологиялық компаниялармен бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері тақырыбында өтті. Қазақстандағы техникалық білім тақырыбы өзекті болып табылады, себебі ол кез келген елдің болашағын анықтайды.
Онлайн-кездесу барысында «Festo Didactic SE» компаниясының басқарма мүшесі, Герман экономикасы Шығыс комитетінің «жұмыс күшін дамыту» бойынша жұмыс тобының спикері Энрике Руле, «Herrenknecht AG» қорының басқарма төрағасының орынбасары Мартин-Дэвид Херренкнехт, «Knauf Gips Kapchagay» ЖШС оқу орталығының басшысы Олег Сотников, «iMOVE: Training – Made in Germany» компаниясының басшысы доктор Андреас Вернер баяндамаларын жасады. Ал қазақстандық тараптан іс-шараға Ұлттық экономика вице-министрі Ә.Қуантыров, Білім және ғылым вице-министрі Қ.Ерғалиев, сондай-ақ Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ басқарма төрағасы - ректор М.Бегентаев қатысты.
Шараға 60-қа жуық неміс компаниялары мен олардың Қазақстандағы өкілдіктерінің менеджерлері мен қызметкерлері, сондай-ақ қазақстандық мемлекеттік органдардың, ұлттық және квазимемлекеттік компаниялардың өкілдері қатысты. Неміс компаниялары арасында «DMG MORI Academy», «TÜV», «Knauf», «iMOVE», «LEMKEN», «Düchting Pumpen Maschinenfabrik», «Henkel», «Hermann Paus Maschinenfabrik» және т.б. болды.
Р.Скляр өз сөзінде білім экономиканың ең маңызды саласы екенін және қазіргі кезеңде экономикалық көрсеткіштердің ұзақ мерзімді өсуі үшін жоғары білікті мамандар қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, ол Қазақстанда «Жас Маман» жобасы жүзеге асырылып жатқанын, оның аясында 200 жандандырылған білім беру мекемелері негізінде мамандар ең көп сұранысқа ие 100 мамандық бойынша оқытылатынын айтты.
Энрике Руленің айтуынша, Батыс Еуропаның, оның ішінде Германияның экономикасының негізгі сипаттамасы – білім мен ғылымға негізделген инновациялар. Бұл ретте ол Қазақстанда білім беру саласындағы халықаралық стандарттарды енгізу бойынша табысты жұмыс жүргізіліп жатқанын және кәсіби мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Өз кезегінде, «Herrenknecht AG» қорының Басқарма төрағасының орынбасары Мартин-Дэвид Херренкнехт компанияның алаңында қазақстандық жас инженерлері тәжірибеден өткені туралы айтты. Сондай-ақ, оқу орталығының басшысы, «Knauf Gips Kapchagay» ЖШС Олег Сотников, «iMOVE» компаниясының бөлімше меңгерушісі доктор Андреас Вернер жалпы білім беру саласының даму перспективалары, екіжақты әлеуеті мен бірлескен жобаларды іске асыру туралы баяндады.
Онлайн кездесулердің соңында ынтымақтастықты дамыту бойынша сұрақ-жауап пікір талас өтті.