
ШВАНАУ, 2021 жылғы 30 тамыз – ҚР ГФР-дағы Елшісі Д.Кәріпов «Herrenknecht AG» компаниясында қазақстандық жас инженерлерге тәжірибеден өткені туралы сертификаттарды тапсырудың салтанатты рәсіміне қатысты. Іс-шара компанияның Шванау қаласындағы (Баден-Вюртемберг федералдық жері) штаб-пәтерінде өткізілді.
Бұған дейін Елшілік пен компанияның Басқарма төрағасы М.Херренкнехт арасында қазақстандық инженерлерге тәжірибе алу мүмкіндігін ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілген болатын. Өткізілген конкурс қорытындысы бойынша Қазақстанның түрлі өңірлерінен 3 кандидат іріктелді. 3 ай бойы шәкіртақы алушылар компанияның өндірістік алаңында қарқынды жұмыс істеді. Болашақ мамандар компания бөлімшелерінің жұмысы туралы түсінік алды, туннель өткізу машиналарының әртүрлі түрлерімен танысты, неміс тілі курстарынан өтті және компанияның техникасы қолданылатын Швейцария мен Франциядағы құрылыс алаңдарында болды. Тәжірибе барысында шәкіртақы алушылармен тәжірибелі тәлімгерлер жұмыс істеді. Тәжірибені өткізу «Herrenknecht AG» компаниясының қаражаты есебінен қаржыландырылды.
Тәжірибе алушылардың алдында сөйлеген сөзінде Елші өндірістік тәжірибе жас инженерлерге теориялық білімін бекітуге және оны қолдануға, кәсіпқойлармен өзара іс-қимыл тәжірибесін алуға және болашақ мансабы үшін негіз қалауға мүмкіндік бергенін атап өтті. Ол қазақстандық шәкіртақы алушыларға алған білімі мен дағдыларын Қазақстанның игілігі үшін пайдаланатынына сенім білдірді. Елші сондай-ақ компанияның басшылығына қазақстандық техникалық мамандарды даярлау ісінде қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Жауап сөзінде М.Херренкнехт қазақстандық шәкіртақы алушылардың білімі мен кәсіби қасиеттерін жоғары бағалай отырып, қазақстандық мамандарға Қазақстанның машина жасау және тау-кен өндіру салаларындағы ірі жобаларды іске асыруға қатыса алатынын атап өтті.
«Herrenknecht AG» компаниясы туннель өткізу кешендерін, сондай-ақ жер қазатын көлік машиналарының басқа түрлерін жетекші өндіруші болып табылады. Компанияның жобаларына әртүрлі елдерде метро мен теміржол туннельдерінің құрылысы, Швейцарияда Готард туннелін салу кезінде қатты тау жыныстарын өңдеу машиналарын жасау, Сочиде Қара теңіз жағалауы мен тау шаңғысы аймағы арасында біріктірілген теміржол желісі мен магистраль үшін 6 туннель салу, Босфор шығанағының астында ұзындығы 3,34 км туннель салу кіреді. Компания Алматы метрополитенінің құрылысына қатысқан.