Елші Дәурен Кәріпов Қазақстан мен Германияның энергетикалық ауысуындағы азаматтық қоғамның рөлін талқылады

Елші Дәурен Кәріпов Қазақстан мен Германияның энергетикалық ауысуындағы азаматтық қоғамның рөлін талқылады

БЕРЛИН, 2021 ж. 20 тамыз – Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов ГФР Федералдық экономика және энергетика министрлігінің қолдауымен «dena» неміс энергетикалық агенттігі ұйымдастырған «Энергия ауысуындағы азаматтық қоғамның рөлі: Германия мен Қазақстанның тәжірибесі» атты онлайн-конференциясын алғы сөзімен ашты.  

Д.Кәріпов өз сөзінде қазіргі кезеңде Қазақстан «жасыл» экономиканы дамытуға ерекше көңіл бөлетінін және экономиканы декарбонизациялау бағытында көшбасшы болып табылатын неміс компанияларымен белсенді ынтымақтастық құрғанын атап өтті. Сонымен бірге, ол энергияны трансформациялау қарқыны тек мемлекеттік аппарат пен бизнеске ғана емес, сондай-ақ азаматтық қоғам институттарының белсенділігіне де байланысты екенін айтты. Осыған байланысты Қазақстан мен Германияның азаматтық қоғам өкілдері арасындағы диалог және тығыз ынтымақтастық «жасыл экономиканың» стандарттары мен принциптері туралы қоғамдық пікірдің дұрыс қалыптасуына, азаматтардың санасының трансформациялануына ықпал етеді.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, іскерлік және ғылыми орталардың 60-тан астам өкілдері қатысты. Белсенді талқылау барысында қатысушылар азаматтық қоғамның «жасыл» экономикаға көшу тәжірибесін, сондай-ақ жұмыс тиімділігін арттыру және осы үдеріс аясында қажетті ресурстарды пайдалану мәселелерін талқылады.