Елші Дәурен Кәріпов Берлиннің Шарлоттенбург-Вильмерсдорф ауданының Бюргермайстері Райнхард Науманнмен кездесу өткізді

Елші Дәурен Кәріпов Берлиннің Шарлоттенбург-Вильмерсдорф ауданының Бюргермайстері Райнхард Науманнмен  кездесу өткізді

БЕРЛИН, 2021 жылғы 12 тамыз – ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов Берлиннің Шарлоттенбург-Вильмерсдорф ауданының Бюргермайстері Райнхард Науманнмен кездесті.

2001 жылы Берлиннің басқарушы бургомистрі мен Қазақстан астанасының әкімі қол қойған бірлескен декларация аясында Берлин мен Нұр-Сұлтан қалалары арасындағы әріптестік қатынастарды дамыту тақырыбы кездесу барысындағы талқыланған мәселелердің бірі болды. Бұл құжат екі мемлекеттің астаналары арасындағы достықты нығайту және ынтымақтастықты тереңдету мақсатында жасалды. Бұл келісімде қаланы дамыту, құрылыс, көлік, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақтау, мәдениет және т. б. ынтымақтастық салалары атап-атап көрсетілген.

Дипломатиялық өкілдіктің басшысы 2019 жылғы желтоқсанда және 2020 жылғы ақпанда ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың ГФР-ға жасаған іс-сапарларының нәтижесінде қосымша серпін алған Қазақстан-Германия ынтымақтастығының ағымдағы жай-күйі туралы хабардар етті. Кездесу қорытындысы бойынша герман тарапы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және түрлі салалардағы бірлескен жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты.

Шарлоттенбург-Вильмерсдорф – Берлиннің іскерлік және коммерциялық орталығы. Округ аумағында әйгілі Курфюрстендамм сауда көшесі орналасқан. Осы аймақта орналасқан Техникалық университет Германиядағы ең ірі жоғарғы оқу орындарының бірі болып табылады. Мұнда Еуропалық кино академиясы орналасқан, онда жыл сайын Еуропалық кино сыйлығын тапсыру рәсімі өтеді.