
БЕРЛИН, 2021 ж. 22 маусым – Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшісі Дәурен Кәріпов ГФР Федералдық экономикалық ынтымақтастық және даму министрлігінің Таяу Шығыс, Азия, Латын Америкасы және Оңтүстік-Шығыс Еуропа департаментінің директоры, профессор Клаудия Варнингпен кездесті.
Кездесу барысында дипломатиялық миссияның басшысы Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Склярдың төрағалығымен неміс инвесторлармен жұмыс жөніндегі Үкіметтік жұмыс тобының құрылғандығы туралы ақпарат берді. Басты назар Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолайлы инвестициялық климат құрғандығына және мемлекеттік органдар мен бизнестің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету бойынша қабылданған шараларына аударылды.
Өз кезегінде, профессор Варнинг өз бөлімінің негізгі жұмыс бағыттары мен қызметі туралы, халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып «БҰҰ Мыңжылдық декларациясы» мен кедейлікпен күресудің ғаламдық бағдарламаларын іске асыру барысы туралы айтып берді.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің ішінде – ресурстарды әділ бөлу, білім беру үшін жағдай жасау, жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, сондай-ақ сумен және азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз ету мәселелері болып табылады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Германияның іскерлік топтары арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қарастырылды. Тараптар екі мемлекет арасындағы сауданы арттыру, қазақстандық өнімнің Еуропалық нарыққа экспортын кеңейту және «KazAID» Қазақстандық Халықаралық даму агенттігі арқылы мүмкін болатын өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты. Варнинг ведомство атынан жоғарыда аталған агенттіктің құрылуын қолдап, Қазақстанның дамушы елдерге экономикалық көмекке қосқан үлесін жоғары бағалады және осы жолда барлық елдердің күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
ГФР Федералдық экономикалық ынтымақтастық және даму министрлігінің (BMZ) міндеттері халықаралық ынтымақтастық пен серіктестік арқылы Германияда және басқа елдерде экономикалық дамуды ынталандыру болып табылады.