
БЕРЛИН, 2021 жылғы 25 мамыр – Бүгін Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов Роза Люксембург қорының басқарма төрайымы д-р Дагмар Энкельманнмен және Алматыдағы қор өкілдігінің басшысы Марлис Линкемен кездесті.
Елші қордың Қазақстандағы белсенді жұмысын оң бағалап, елімізде жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар туралы баяндады. Тараптар қоғамаралық ынтымақтастықты нығайту, жастарды қолдау мүмкіндіктері бойынша пікір алмасып, Қазақстан мен Германия арасындағы қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында бірге қызмет жасасу жөнінде уағдаласты.
1990 жылы құрылған Роза Люксембург қоры – үкіметтік емес саяси қоры, Бундестаг партияларына жақын алты неміс қорының бірі. 1992 жылдан бастап Германияның «Die Linke» («Солшылдар») партиясына жанасады. Қор саяси ағартумен және қоғамдық дамуды талдаумен айналысады. Роза Люксембург Қорының Орталық Азиядағы өңірлік өкілдігі 2019 жылы қазан айында Алматы қ. ашылды.