Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігі Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 76-жылдығымен шын жүректен құттықтайды. 9 мамыр – ерлік пен қаһармандықты, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің туған жерге деген шексіз жанқиярлығын айшықтайтын мереке.
Соғыстың сұрапыл жылдарында майданға 1 миллион 200 мың қазақстандық аттанды. Асқан ерлік пен батылдығы үшін Кеңес Одағының Батыры атағын иеленген Әлия Молдағұлова, Бауыржан Момышұлы, Иван Павлов, Леонид Беда, Мәлік Ғабдуллин, Мәншүк Мәметова, Рақымжан Қошқарбаев, Сағадат Нұрмағамбетов, Сергей Луганский, Талғат Бигелдинов, Хиуаз Доспанова және басқа да 500 отандасымыздың есімдеді біздің есімізде мәңгі қалады.
Фашизмге қарсы күресте майданды қару-жарақпен, азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде қазақ жерінде орналасқан зауыттардың қосқан үлесі зор.
Келер ұрпақтың бейбіт әрі бақытты өмір сүруі үшін қиыншылық пен ауыр сынақты бастан өткізген миллиондаған адамның ерлігінің арқасында біздің елдеріміз ашық аспан астында берік достық қарым-қатынас орнату мүмкіндігіне ие, ал біздің халықтарымыздың жарқын болашаққа деген сенімі мол.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мерекелік құттықтауында мәлімдегендей, «Биылғы Жеңіс күнін бізбен бірге 665 майдангер мен 100 мыңға жуық тыл еңбеккері қарсы алуда. Олардың ешқайсысы мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығынан, қоғамның сый-құрметінен тыс қалмайды».
Ұлы Жеңісті жақындатуға үлес қосқан әрбір майдангер мен тыл еңбеккерлеріне мың тағзым. Ардагерлерге деген қамқорлық, құрмет пен қолдау – біздің ардақты міндетіміз. Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және амандық тілейміз!
Дәурен КӘРІПОВ
Қазақстан Республикасының Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі