Қазақстан Үкіметі өкілдерінің «Siemens Energy» концернінің басшылығымен кездесуі өтті

Қазақстан Үкіметі өкілдерінің  «Siemens Energy» концернінің басшылығымен кездесуі өтті

БЕРЛИН, 2021 ж. 26 сәуір – Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшілігі Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қ.Бозымбаев пен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Р.Склярдың Siemens Energy басқарма төрағасы К.Брух және компанияның Қазақстандағы және Ресейдегі аймақтық директорлары М.Зубов пен О.Титовтың қатысуымен кезекті кездесуін ұйымдастарды. Кездесуге сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Айдаров, Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшісі Д.Кәріпов, Цифрландыру, инновация және аэроғарыш өнеркәсібінің бірінші вице-министрі А.Ахметжанов, Энергетика вице-министрі К.Рахимов, «KEGOC» АҚ және «Самұрық-Энерго» АҚ басшылары қатысты.

Кездесудің негізгі тақырыбы - 2020 жылғы 14 ақпанда Мюнхенде Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сименс арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асырудың ағымдағы барысын қарау болды. Сонымен қатар, тараптар жаңа технологияларды енгізу және экономиканың негізгі салаларын жаңарту бойынша бірлескен инновациялық жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылады.

Siemens Energy - жетекші әлемдік энергетикалық компания. Компанияның қызметі жабдық шығаруға, сондай-ақ электр энергиясын өндіру, тасымалдау және сақтау қызметтерін құруға бағытталған. Энергия өндірісінің көзі ретінде дәстүрлі (газ және бу турбиналары, гибридті электр станциялары, электр генераторлары, трансформаторлар және т.б.) және жаңартылатын энергия көздері қолданылады. Әлемдегі электр энергиясының 1/6 бөлігі неміс компаниясының технологияларына негізделген. Компанияда әлем бойынша 90 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Siemens Energy-дің айналымы 2020 жылы шамамен 27,5 миллиард еуроны құрады.