Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов Герман бизнесімен онлайн-кездесуіне қатысты

Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов Герман бизнесімен онлайн-кездесуіне қатысты

БЕРЛИН, 2021 жылғы 31 наурыз – Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Склярдың Герман бизнесімен кезекті онлайн-кездесуіне қатысты. «Қазақстан – Жаңа Жібек жолындағы хаб: көлік пен логистикадағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктері» тақырыбында өткен іс-шараны дәстүрлі түрде Қазақстанның Германиядағы Елшілігі «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен Герман экономикасы шығыс комитетінің қолдауымен ұйымдастырды.

Онлайн-кездесуге шамамен 70 жетекші неміс компанияларының басшылары мен өкілдері қатысты. Олардың қатарында «Schaeffler», «Infineon», «Salzgitter», «Vorwerk», «VEKA», «Alfred Kärcher», «Düchting Pumpen» және басқалар болды. Іс-шара шеңберінде ГФР Көлік және цифрлық инфрақұрылым Федералдық министрлігінің Парламенттік хатшысы Ш.Бильгердің, «Deutsche Bahn» компанияның халықаралық бизнес жөніндегі директоры және «DB Engineering & Consulting» компаниясының Бас басқарушы директоры Н.Варбаноффтың, «Rhenus Logistics» Басқарма мүшесі М.Виферстің, «Deutsche Post – DHL Group» Халықаралық пошта және халықаралық қатынастар жөніндегі аға вице-президенті Т.Балдридың және басқалардың сөз сөйлеуі өтті.

Қазақстандық тараптан Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Б.Қамалиев, «KTZExpress» АҚ-ның Басқарма төрағасы Д.Абдуллаев, «Жолаушылар тасымалдауы» АҚ-ның Басқарма төрағасы (Бас директоры) П.Штурм, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы А.Түрікпенбаев, «KAZLOGISTICS» Қазақстан көлік тасымалдаушылар одағының Бас директоры Е.Әбсатов және Қазақстандық теміржол жүк тасымалдаушылары қауымдастығының Бас директоры, «KTZ Express» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Е.Больгерт баяндама жасады.

Р.Скляр өз сөзінде қатысушылардың назарын Қазақстанның қолайлы географиялық орналасуы мен жоғары транзиттік әлеуетіне аударды. Оның пікірінше, бұл еліміздің Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі көліктік-логистикалық Орталық болып дамуының алғышарты болады. Сонымен қатар, коронавирустық инфекцияның пандемиясы жағдайында және елдер арасындағы ұшулардың азаюына орай, ҚХР-дан ЕО-ға Қазақстан аумағы арқылы автокөлік жүк тасымалы айтарлықтай көбейді.

Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар ҚР-да жолаушылар тасымалын басқару бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ және «Deutsche Bahn» бірлескен жобасының ағымдағы іске асырылуын талқылады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бас директоры П.Штурм клиентке бағдарлануды және операциялық тиімділікті қамтамасыз ету, процестерді басқаруды жаңғырту жөніндегі жобаның міндеттері туралы мәлімет берді. Қазіргі уақытта жобаға сервис және сату, операциялық әрекет және қызмет көрсету саласында 50-ден астам германдық мамандар тартылған.

Кездесу аясында «сұрақ-жауап» форматында пікірталас өтті. Нәтижелері бойынша екі тараптың қатысушылары пікір, тәжірибе алмасуға және жаңа бірлескен жобаларды бастау мен іске асыруы үшін ортақ түйісу нүктелерін табуға мүмкіндік беретін ұқсас іс-шараларды болашақта ұйымдастыру қажеттілігі туралы атап өтті.