
БЕРЛИН, 2021 ж. 16 наурыз - Елші Дәурен Кәріпов Федералдық канцлер ведомствосының Ұлттық және халықаралық экономикалық саясат жөніндегі департаменті директорының орынбасары, Германияның G7/G20 ұйымдарындағы шерпасы Х.Винтермен онлайн кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа қосымша серпін берген ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсандағы және 2020 жылғы ақпандағы Германияға ресми сапарларының кейбір нәтижелері туралы, оның ішінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.Скляр бастаған шетелдік инвесторлармен жұмыс жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы құрылғаны туралы хабарлады.
Өз кезегінде Х.Винтер өзі жетекшілік ететін бөлімнің қызметі, экономиканың түрлі салаларының қазіргі жағдайы, Германияның ұлттық экономикасын жаңарту және дамыту туралы айтып өтті. Германия үкіметі үнемі халықаралық сауданы дамытуды, өзара саудадағы кедергілерді жоюды және ДСҰ-ны жетілдіруді қолдап келеді. Осыған байланысты Х.Винтер Қазақстанның ДСҰ-дағы белсенді ұстанымы туралы оң пікірін айтып, 2021 жылдың қарашасында Қазақстанның төрағалығымен өтетін ДСҰ министрлер конференциясының оң нәтижелеріне үміт артты.
Онлайн кездесу барысында Қазақстан мен Германияның іскерлік топтары арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері қарастырылды. Тараптар елдер арасындағы сауданы арттыру, қазақстандық өнімнің Еуропалық нарыққа экспортын кеңейту және «KazAID» Қазақстандық Халықаралық даму агенттігі арқылы мүмкін болатын өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты.
ГФР Федералдық канцлері ведомствосы Германия Федеративтік Республикасының атқарушы органы болып табылады және оның міндетіне Германия үкіметі басшысының қызметін қамтамасыз ету кіреді.