ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар кеңсесінің қайта тағайындалған басшысын қабылдады

ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар кеңсесінің қайта тағайындалған басшысын қабылдады

БЕРЛИН, 15 наурыз, 2021 ж. - ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дәурен Карипов Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы лауазымына биылғы жылдың сәуірінде кірісетін неміс дипломаты Фолькер Фробартпен кездесу өткізді.

Елші Ф.Фробартты тағайындалуымен құттықтап, ЕҚЫҰ-ның Қазақстан үкіметінің көмегімен зорлықшыл экстремизммен және терроризммен күрес, заңның үстемдігін, адам құқықтары мен бостандықтарын нығайту, сол сияқты құқықтық, экономикалық және институционалдық өзгерістер бойынша әдістемелік және сарапшылық қолдау көрсетуге бағытталған алдағы миссияны орындауда табыс тіледі.   

Әңгімелесу барысында незізгі екпін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған үш институционалды саяси реформалар пакетіне, соның ішінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының практикалық аспектілеріне, еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күресті қатаңдатудың қорытыңдыларына, еліміздегі саяси мәдениетті одан әрі дамыту мен адам құқықтарын қорғау механизмдеріне бағытталды. Осы орайда Елші Д.Карипов Ф.Фробарттың назарын ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (ҰҚСК) Қазақстанның саяси жаңғыру процестеріне бағытталған жүйелі рөліне аударды.

Өз кезегінде ЕҚЫҰ өкілі қазақстандық тарап пен Ұйым институттарының арасындағы әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және адами өлшемдердегі қарым-қатынастарының қалыптасқан конструктивті деңгейі жайлы баяндап, жаңа салада бірлесіп, жемісті еңбек етуге дайын екендіктерін білдірді.

Ф.Фробарт әр жылдарда ЕҚЫҰ-ның Орта Азиядағы және Украинадағы миссиясында сарапшылық және басшылық лауазымдарды, сол сияқты шетелдік дамуға көмек көрсету желісі бойынша ГФР СІМ-нің негізгі серіктесі болып табылатын Халықаралық ынтымақтастықтың неміс агенттігінде (GIZ) жауапты лауазымдар атқарған.