
БЕРЛИН, 2021 ж., 24 ақпан – бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Р.Склярдың неміс компанияларының басшыларымен 9-кездесуі өтті. Іс-шара екі ел арасындағы іскерлік кездесулерді өткізу дәстүрін жалғастырды. Германиядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар жөніндегі комитеті, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Герман экономикасы Шығыс комитетінің қолдауымен ұйымдастырған вебинар «жасыл экономиканы», атап айтқанда декарбонизациялау, шикізатты қайта өңдеу және сутегі экономикасын дамытудағы қазақстан-герман ынтымақтастығын тереңдетуге арналған. «Жасыл» экономика және ресурстарды тиімді пайдалану тақырыбы бірқатар заңнамалық құжаттарды, соның ішінде Экологиялық кодексті қабылдау арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің «жасыл» өсуге көшу жөніндегі нақты қадамдары аясында өзекті болып табылады. Қазіргі уақытта қазақстандық тарап ЕО аймақтық даму бағдарламаларын (EU Switch Asia, «Еуропалық Одақ – Орталық Азия: су ресурстары, қоршаған орта және климаттың өзгеруі саласындағы ынтымақтастық (WECOOP)», «Жасыл Орталық Азия»), «dena» неміс энергетикалық агенттігімен бірлескен жобаларды және т.б. іске асыруға белсенді қатысуда.
Онлайн-кездесуге 50-ден астам жетекші неміс компанияларының, оның ішінде «Siemens Energy», «Linde», «Goldbeck Solar», «Deutsche Bahn», «REMONDIS», «Deutsche Bank», «Bayer», «SAP» және т.б басшылары мен өкілдері қатысты.
Қазақстандық тараптан Ұлттық экономика вице-министрі М.Юсупов, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі А.Пірімқұлов, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаментінің директоры А.Жүкенов қатысты. Іс-шара аясында Қазақстанның жаңартылатын энергетика қауымдастығының директорлар кеңесінің мүшесі А.Қашқынбеков Қазақстанда «жасыл» энергетиканың дамуы туралы презентация жасады.
Р.Скляр өзінің сөйлеген сөзінде 2021 жылы 10 қаңтарда өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне сайлаудың нәтижелері, жаңа Қазақстан Үкіметінің экономикалық мақсаттары мен басымдылықтары туралы хабардар етті. Ол сонымен қатар Республикада дағдарыстан кейінгі даму жағдайында қазақстандық экономиканы әртараптандыру және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптылығына қол жеткізу мәселелеріне ерекше назар аударылатындығын атап өтті. Оның айтуынша, осы мақсатта шығарындыларды азайту және экономиканы декарбонизациялаудың ұлттық стратегиясы әзірленіп, бекітілетін болады.
Іс-шараға неміс тарапынан Германия экономикасы Шығыс комитетінің Басқарушы директоры М.Хармс қатысты, ол Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен бірге, ол Қазақстан Германияның Орталық Азия аймағындағы басты серіктесі екеніне назар аударды.
Онлайн-кездесу барысында «Siemens Energy AG» комнаиясының аймақтық даму жөніндегі аға вице-президенті В.Майкснер, «Linde AG» компаниясының Таяу Шығыс және Шығыс Еуропа бойынша президенті О.Пфанн, «REMONDIS International GmbH» компаниясының Бас директоры Т.Вебер, «Aurubis AG» компаниясының ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарының жетекшісі А.Лоссин жалпы «жасыл экономиканы» дамыту перспективалары, екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті және бірлескен жобаларды жүзеге асыру туралы айтып өтті.
Веб-конференция соңында сұрақ-жауап талқылауы өтті, онда қатысушылар сауда-экономикалық байланыстарды жандандыруға қатысты бірқатар сұрақтар қойды, бірқатар практикалық мәселелерді талқылады және келешекте осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізу жөнінде уағдаласты.