
БЕРЛИН, 2021 ж. 26 қаңтар – бүгін Қазақстандағы және жалпы ЕАЭО шеңберіндегі іскери тәжірибе мәселелері бойынша вебинар өткізілді. Іс-шараны Германияның шағын және орта кәсіпкерлігінің федералдық қауымдастығы (BMVW) ұйымдастырды. Кездесуге Германияның 30-дан астам кәсіпкерлері, өнеркәсіптік, аймақтық және бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты.
Өзінің кіріспе сөзінде Қазақстанның Германиядағы Елшісі Д.Кәріпов ҚР мен ГФР арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі кезде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың арқасында жаңа деңгейге шыққанын атап өтті. Қатысушылардың ерекше назарын Елші Қазақстандағы тартымды инвестициялық ахуалға, бизнес мүмкіндіктеріне, заңнамалық қолдауға, сондай-ақ неміс кәсіпкерлері үшін жеңілдіктер мен преференцияларға аударды. Дипломат сонымен қатар мемлекет басшылығының коронавирустық пандемиямен күресу және жағымсыз экономикалық зардаптарды азайту бойынша қабылдаған шаралары туралы толық ақпарат берді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Германияның іскерлік топтары арасындағы инвестициялық, сауда-қаржы салаларында, ауыл шаруашылығы, азық-түлік, өнеркәсіп және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібі қарастырылды. Неміс тарапы қазақстандық кәсіпкерлермен инвестициялық ынтымақтастықты және өндірістік ынтымақтастықты дамытуға қызығушылығының артып келе жатқанын атап өтті.
Кездесуге қатысушылар бірауыздан кәсіпкерлерді қолдау, әлеуетті іскери серіктестер туралы ақпарат таратуды қамтамасыз ету және инновацияларды дамыту бойынша тәжірибе алмасу бойынша өзара әрекеттесуді жалғастыруға қызығушылықтарын білдірді.
Веб-конференция соңында сұрақ-жауап түрінде пікірталас өтті.
Шағын және орта кәсіпкерліктің федералдық қауымдастығы (BMVW) – Германиядағы шағын және орта бизнес өкілдері үшін кәсіпаралық және сектораралық, саяси бейтарап одақ. Ұйымның 270 мыңнан астам мүшесі бар.
Қауымдастықтың Германияда 300 және шетелде 30-ға жуық өкілдігі бар, олар неміс бизнесіне жан-жақты қолдау көрсетеді.