БЕРЛИН, 2020 ж. 21 желтоқсан – Қазақстанның Германиядағы Елшісі Дәурен Кәріпов Германияның қоғамдық-саяси және іскерлік топтары мен БАҚ-ның өкілдері үшін онлайн-брифинг өткізіп, ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы туралы баяндады.
Қазақстандық дипломат алдағы сайлау конституциялық мерзімге сәйкес өтетінін, ал оның заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылауды Орталық сайлау комиссиясы, Бас прокуратура және халықаралық байқаушылар, оның ішінде, ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы жүргізіп отыратынын атап өтті.
Елші сайлау науқаны басталғанға дейін Қазақстанда саяси жаңғырту, көппартиялық жүйені дамыту және елдің қоғамдық-саяси өміріне азаматтық қатысуды кеңейту бойынша реформалар жүргізілгені туралы хабарлады. Атап айтқанда, елдің заңнамасына парламенттік оппозиция институтын және Қазақстанда алғаш рет әйелдер мен жастарға арналған партиялық тізімдерде 30 пайыздық квота енгізуді көздейтін түзетулер енгізілді.
Сонымен қатар, Д.Кәріповтың айтуынша, алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Бұл әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді және саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етіп, саяси партиялардың жұмысын жандандырады.
Тыңдаушыларға сайлауға қатысушы партиялар, олардың қызметі мен негізгі идеялары туралы кіріспе ақпарат ұсынылды.
Неміс журналист және Орталық Азия бойынша сарапшы Биргит Ветцель еліміз Тәуелсіздігінің 29 жылдығымен құттықтап, мемлекетіміздің саяси және экономикалық салаларында да ұзақ даму жолынан өткенін атап өтті.
Оның айтуынша, аумағы бойынша 9-шы орын алып отырған мемлекет реформалардың жақсы нәтижелерін көрсете алды. «Әсіресе коронавирустық пандемия кезінде Қазақстанның үкіметі халыққа әлеуметтік көмек көрсету үшін тиімді шаралар қабылдады және үлкен экономикалық зиянды болдырмады». Б.Ветцель экономика және сауда саласындағы сарапшы ретінде «жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік реформалар экономикалық реформалармен бірге халықтың әл-ауқатын жақсартуға және одан әрі экономикалық өсуге ықпал етеді» деген пікірін айтып өтті.
Белгілі саясаттанушы және халықаралық қатынастар саласындағы сарапшы Александр Рар өз сөзінде Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың динамикасын оң сипаттады. Оның пікірінше, соңғы отыз жыл ішінде болған геосаяси өзгерістер ЕО-дан Қазақстан мен Орталық Азияға қатысты жаңа стратегия жасауды талап етеді. Сарапшы жаңа қазақстандық Парламент Қазақстанның сыртқы саясатының тәуелсіздігін нығайта алады деп үміт білдірді, бұған ЕО-ның Қазақстан мен Орталық Азияға қатысты біртұтас қайырымды позициясы да ықпал етуі керек деп пікірін айтты.
Брифинг соңында елші Д.Кәріпов қатысушылардың алдағы 12 айдағы Қазақстан Республикасының даму болжамдары, Қазақстан билігі мен оппозициясы арасындағы қарым-қатынас, үкіметтік емес ұйымдардың рөлі мен халықаралық бақылаушылардың алдағы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына қатысуы туралы сұрақтарына толық жауап берді.