Қазақстанның Германиядағы Елшісі еліміздің әлеуетін аса ірі неміс компанияларының басшылығына таныстырды

Қазақстанның Германиядағы Елшісі еліміздің әлеуетін аса ірі неміс компанияларының басшылығына таныстырды

ТӨМЕНГІ САКСОНИЯ, 2020 жылғы 18 қараша – Төменгі Саксония федералдық жеріне жұмыс сапары аясында ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов аграрлық және өнеркәсіп секторларындағы аса ірі кәсіпорындардың өндірістік алаңдарына барды.

Верден қаласында Д.Кәріпов мал шаруашылығы, асыл тұқымды мал маркетингі және жасанды ұрықтандыру саласындағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың бірі – «Masterrind GmbH» компаниясының басшылығымен кездесті. Компания ҚР-дың Ақмола облысына «ҚазАгроФинанс» ұйымының қаржылық қолдауымен асыл тұқымды ангус ірі қарасының партиясын жеткізген болатын. Компанияның бас кеңсесіне бару кезінде қазақстандық дипломат басқарушы директор Ральф Штрассемейермен келіссөздер жүргізіп, ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы және ҚР-да асыл тұқымды шаруашылық желісін (репродукторлар) құру жөніндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру аясында ынтымақтастықты кеңейту перспективалары туралы пікір алмасты. «Masterrind GmbH» қазіргі уақытта 619 мыңға жуық асыл тұқымды голштиндік ірі қара және ет өндірісіне арналған әр түрлі тұқымды 11 мың бас ірі қара ұстауда. Бұл – Германиядағы аса ірі асыл тұқымды мал шаруашылығы. Мал өсіру бағдарламасында соңғы ғылыми әдістер мен жаңалықтар, сондай-ақ заманауи биотехнологиялар қолданылады.

Хаммельн қаласында Елші Д.Кәріпов «Vorwerk&Co. Teppichwerke GmbH&Co.KG» компаниясының «Vorwerk Flooring» бөлімшесінің басқарушы акционері және бас директоры Мартин Мультхауптпен кездесті және кәсіпорынның өндірістік алаңын аралады. «Vorwerk&Co. Teppichwerke GmbH&Co.KG» тұрмыстық техника және басқа да халықтық тұтыну тауарларын шығарады. Әлемнің 60-тан астам елінде қызмет көрсететін компанияның қызметкерлері саны 600 мыңнан астам. Олардың көбі өзін-өзі жұмыспен қамтитын коммерциялық агенттер. «Vorwerk» компаниясының 2019 жылғы айналымы 2,93 млдр. еуроны құрады. Компания үнемі әлемнің аса ірі тікелей сатылым дистрибьютерлерінің ондығына кіреді; робот шаңсорғыштардан бастап косметикаға дейінгі түрлі өнімдерді шығарады. Қазақстанда бұл компанияның өнімдерін «Deutsches Haus» ЖШС ұсынады.
Зальцгиттер қаласында қазақстандық дипломат «Salzgitter Flachstahl GmbH» компаниясының Директорлар кеңесінің Төрағасы Ульрих Гретемен кездесті. Бұл – немістің алдыңғы қатарлы болат жаймасы, металл бұйымдар, құбырлық өнімдер шығаратын құрыш құю компаниясы.

Salzgitter» тобы «Salzgitter Flachstahl-Werke», «Ilsenburger Grobblech-Werke», «Peiner Träger GmbH» және «Mannesmannröhren-Werke» компанияларын қамтитын 100-ден астам жеке компаниялардан құралған. Көлемі жағынан жазық және пішінді жайма шығаратын бесінші еуропалық өндіруші болып табылады, сондай-ақ әлем бойынша құбыр шығарудан алдыңғы қатарда. Компанияның бөлімшелерінде жалпы саны 25 мыңнан астам адам қызмет етеді. Д. Кәріпов пен У. Грете ҚР-дың инвестициялық әлеуетін және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады.

Аса ірі неміс компанияларының басшыларымен болған кездесулерде Д.Кәріпов неміс инвесторларына арналған Қазақстандағы эксклюзивті мүмкіндіктер туралы хабарлады. Елші сондай-ақ ҚР Үкіметінің инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралары, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р. Скляр басқаратын неміс кәсіпкерлерімен ынтымақтастық жөніндегі арнайы үкіметтік жұмыс тобының қызметі туралы айтты.

Кездесулер кезінде коронавирус пандемиясы жағдайындағы қауіпсіздік шараларын сақталды.