
ШВАНАУ, НҰР-СҰЛТАН, 2020 жылғы 6 қараша – ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Айдаров және Қазақстанның Германиядағы Елшісі Д.Кәріпов Елшілік «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның және Герман экономикасы Шығыс комитетінің қолдауымен Шванау қаласында орналасқан тоннел үңгілей қазу кешені мен басқа жер қазып-тасымалдаушы мәшине түрлерін өндіруде дүниежүзілік жетекшілік ететін «Herrenknecht AG» компаниясының алаңында ұйымдастырған бизнес-форумға қатысты. Эпидемиялық ахуалға байланысты іс-шара гибридтік форматта өтті. Қатысушылардың пікірталасқа ғаламтор арқылы қосылуға мүмкіндігі болды. Форум жұмысына шамамен 40 герман компанияларының басшылығы қатысты.
Іс-шара шеңберінде «Herrenknecht AG» компаниясының Басқарма төрағасы М.Херренкнехт, «Deutsche Bahn AG» неміс темір жол компаниясын Халықаралық дамыту жөніндегі директоры және «DB Engineering & Consulting GmbH» компаниясының Бас директоры Н.Варбанофф, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Айдаров, Федералдық үкіметінің шикізаттық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі уәкілі, ГФР Федералдық экономика және энергетика министрлігінің Департамент директоры Т.Гэкле, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Р.Баймишев және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның Басқарма төрағасының орынбасары Ғ.Өзбеков баяндама жасады.
Спикерлер ҚР мен ГФР арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету, экономиканың түрлі секторларына арналған кәсіби кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру қажеттілігін атап өтті. Ерекше назар шикізаттық салада ынтымақтасу туралы үкіметаралық келісімді іске асыру және шикізат жеткізушілермен байланыс орнатуда герман компанияларына қолдау көрсету мақсатында арнайы құрылған желінің (German Mining Network) жұмысына қазақстандық тарапты қосу мәселелеріне аударылды.
Қазақстандық қатысушылар герман тарапын ҚР экономикасының әлеуетімен, тау-кен-металлургиялық кешені, машина жасау және денсаулық сақтау салалары шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелері бойынша ұсыныстарымен, инвесторларға ұсынылып жатқан жеңілдіктер мен преференциялармен, сондай-ақ ҚР аумағындағы арнайы экономикалық аймақтардың қызметімен таныстырып өтті.
Іс-шара алаңында А.Айдаровтың бірқатар неміс компанияларының басшылығымен екіжақты кездесулері өтіп, олардың кейбірімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.
Іс-шараны ұйымдастыру кезінде санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз етуге арналған барлық өзекті кеңестер мен ережелер қолданылды.