БЕРЛИН, 2020 жылғы 29 қазан – Қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы және қазақ әдебиетінің алғашқы классигі Абай Құнанбайұлының 175-жылдығы аясында Қазақстанның Германиядағы Елшілігі Берлин мемлекеттік кітапханасына ү.ж. тамыз айында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Ұлттық аударма бюросы» Қоғамдық қоры жобасы шеңберінде Германияда жарық көрген Абай Құнанбайұлының «Абай» атты неміс тіліндегі жаңа шығармалар жинағын табыстады.
Шығыс әдебиеті бөлімшесінің жетекшісі Кристоф Раухпен кездесу барысында ҚР Елшісі Дәурен Кәріпов ұлы ақынның неміс тіліндегі шығармалары мен оның мұрасы туралы айтып беріп, «Қазақ кітапханасы» атты жобасы және оның шеңберінде Елшілік неміс баспаларымен бірлесе отырып бірқатар қазақстандық ақындар мен жазушылардың шығармаларын неміс тіліне аударып және басып шығаратыны туралы хабарлады.
Берлин мемлекеттік кітапханасы – әлемдегі ең маңызды кітапханалардың бірі. 360 жыл бұрын құрылған кітапхана қазіргі таңға дейін 11 миллионнан астам неміс, батыс және шығыс қолжазбаларын, 2 миллионнан астам баспа басылымдарын, оның ішінде өткен ғасырлардың ерекше басылымдарын, карталарын, тарихи газеттерін, 12 миллионнан астам фотосуреттерді, слайдтарды және басқа фотоматериалдар жинақтаған. Цифрландыру бағдарламасы аясында кітапханада ең ежелгі қолжазбаларға зиян келтіру қаупінсіз қол жеткізуге мүмкіндік беретін әлемдік әдеби мұраны жоғары технологиялық цифрлық форматта сақтаудың бірегей мүмкіндігі бар.