Cтратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің 12-отырысы өтті

Cтратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің 12-отырысы өтті

БЕРЛИН, НҰР-СҰЛТАН, 2020 жылғы 13 қазан – ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов ҚР СІМ, ҚР-дың ГФР-дағы Елшілігі, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және Герман экономикасы Шығыс комитетінің қолдауымен «Атамекен» ҰКП және ҚР Сыртқы сауда палатасы ұйымдастырған стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Герман Іскерлік кеңесінің кезекті 12-отырысына қатысты.

Гибридтік форматта өткен іс-шараның басты тақырыбы ҚР мен ГФР арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері, екі ел бизнесі үшін пандемиядан кейін жаңа мүмкіндіктер құру, ЕО-ның «жасыл» және цифрлық экономикаға өту жөніндегі стратегиясы аясында екіжақты жобаларды жүзеге асыру жөнінде болды.

Іс-шара барысында басты спикерлер ретінде тараптардан ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Р. Скляр және неміс тарапынан ҚГІК-нің тең төрағасы, «Deutsche Bahn» компаниясының халықаралық жобалар жөніндегі Директоры, «DB Engineering & Consulting GmbH»  компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Н.Варбанофф сөз сөйледі.

Одан басқа, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ Басқарма төрағасы А.Әріпханов, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасы А.Мырзахметов, ГЭШК Басқарушы директоры М.Хармс, «Herrenknecht AG» компаниясының басқарушы директоры М.-Д.Херренкнехт сөз сөйледі. Ашық талқылау барысында сондай-ақ «Knauf» Кәсіпкерлер тобының Басқарушы акционері М.Грундке, «Siemens Energy AG» компаниясының аймақтық даму жөніндегі Аға вице-президенті В.Майкснер, «John Deere Walldorf GmbH & Co. KG» компаниясының Бас директоры             Д.Штратман, «CLAAS Global Sales GmbH» компаниясының аймақтық директоры Н.Ройч, «SAP» компаниясының ТМД елдеріндегі Басқарушы директоры А.Филатов сөз сөйледі.

Іс-шара қатысушылары өз сөздерінде Қазақстан-Германия сауда-экономикалық өзара тиімді қарым-қатынасын тереңдетудің маңыздылығы, неміс инвестициясын қолдау және ГФР-дан алдыңғы қатарлы технологиялар трансфері, сондай-ақ ҚР экономикасының түрлі секторларына арнап жұмысшы мамандарын дайындау жүйесін дамыту туралы айтты. ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсанда және 2020 жылғы ақпанда ГФР-ға жасаған сапарлары барысында қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асуына, оның ішінде ҚР Премьер-Министрінің Орынбасары Р.Скляр басшылық ететін неміс инвесторларымен ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының құрылғанына ерекше назар аударылды.

Анықтама ретінде:Іскерлік Кеңес – ҚР мен ГФР ұйымдары және бірлестіктері арасындағы іскерлік байланысты дамыту бойынша үйлестіруші және кеңес беруші орган. Оның міндеттеріне сауда және инвестиция саласындағы Қазақстан мен Германия компаниялары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мен кеңейту, екі ел компаниялары мен іскер топ бірлестіктері арасындағы тікелей іскерлік байланыс пен тікелей ақпарат алмасуды ынталандыру жатады. Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Герман Іскерлік Кеңесінің (ҚГІК) тең төрағалары – «Атамекен» ҰКП Президиумының Төрағасы Т.Құлыбаев және «Deutsche Bahn» компаниясының халықаралық жобалар жөніндегі директоры, «DB Engineering & Consulting GmbH» компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы Н.Варбанофф.