
БЕРЛИН, 2020 жылғы 23 қыркүйек – Бүгін ҚР-дың ГФР-дағы Елшілігі Герман экономикасының Шығыс комитетімен бірлесіп неміс кәсіпкерлерімен кезекті онлайн кездесу өткізді. Ұйымдастырушылардың бірі ретінде Герман денсаулық сақтау альянсы (GHA) да іс-шараға қатысты.
Талқыланған басты тақырып – Қазақстан-Германия ынтымақтастығының перспективалары, денсаулық сақтау саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру және ҚР-дың инвестициялық әлеуетін арттыру.
Онлайн-кездесуге германиялық дәрілік заттар мен медициналық техника өндірістерінің, салалық бизнес-ассоциациялардың жетекшілері, германиялық ғылыми және сарапшылық қауымдастықтардың өкілдері қатысты.
Қазақстандық тараптан Денсаулық сақтау вице-министрі Л.Бюрабекова, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Р.Бәймішев,
Алматы қ. АЭА Басқарма Төрағасы О.Сартаев, «Химфарм» АҚ өкілдері сөз сөйледі.
Өзінің алғы сөзінде ҚР-дың ГФР-дағы Елшісі Дәурен Кәріпов ҚР-да коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу және инфекцияның таралуынан туындайтын жағымсыз экономикалық дағдарысты барынша азайту бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар жайлы айтып берді. Сонымен қатар Елші Қазақстан Үкіметінің денсаулық сақтау саласын қайта жаңғыртуға қатысты жоспарлары туралы да сөз қозғады. Оның айтуынша, 2020 жылдың соңына дейін өңірлерде 13 инфекциялық аурухана салу жоспарланған. Оған қоса 2025 жылға дейін денсаулық сақтау саласының 30 көпфункционалды нысанының құрылысын жүргізу жоспарлануда. Бұл ретте Елші медицинадағы озық неміс технологиясын жоғары бағалап, инвестициялық ынтымақтастықты тереңдете түсуге қызығушылық білдірді.