Белград, 2026 жылғы 20 қазан – Қазақстан Елшісі Б.Иманбаев Белград қаласын неміс-фашистік басқыншылардан азат етудің 82 жылдығына арналған «Белградты азат етушілер» монументіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.
Іс-шараға Сербия Үкіметі мен Белград қаласы әкімдігінің өкілдері, дипломатиялық корпус мүшелері, қоғам қайраткерлері және БАҚ өкілдері қатысты. Рәсім құрметті қарауылдың сап түзеуімен және жеңімпаз елдердің, оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранының орындалуымен қатар өтті.
Анықтама үшін: «Белградты азат етушілер» мемориалы қаланы азат ету кезінде қаза тапқан кеңестік және югославиялық жауынгерлерге арналған.
Югославияны және оның астанасы Белградты азат етуге Қазақстанда жасақталған 73-гвардиялық дивизия қатысты. Бүгінгі таңда Югославия үшін болған шайқастарда қаза тапқан немесе хабар-ошарсыз кеткен шамамен 200 қазақстандықтың есімі белгілі.
Белград, 2026 жылғы 1 қазан – Жыл сайын өтетін халықаралық Ethnology Fest фестивалі аясында биыл «назардағы ел» ретінде таңдалған Қазақстанның мәдени мұрасы таныстырылды.
Этнографиялық музейде өткен іс-шараға Сербияның Мәдениет министрі Никола Селакович, Гендерлік теңдік министрі Татьяна Мацура, Сербияның іскерлік, мәдени, академиялық және БАҚ өкілдері, сондай-ақ, Сербияда аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері қатысты. Іс-шара Сербияның Бірінші ханымы Тамара Вучичтің қолдауымен ұйымдастырылды.
Бағдарлама аясында Қазақстанның Aspara сән үйінің туындылары ұсынылып, қобыз аспабындағы танымал орындаушысы Акерке Тәжібаеваның музыкалық өнері паш етілді.
Іс-шараны аша отырып, Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Қазақстанда Ұлы даланың тарихи-мәдени мұрасы мен дәстүрлерінің қадір-қасиеті жоғары бағаланатынын, оларды кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында ұлттық мәдени кодтың қалыптастырылып, заманауи мәдениетпен үйлесімді сабақтастырыла дамып келе жатқанын атап өтті.
Сондай-ақ, Елші Қазақстан мен Сербия арасындағы биыл атап өтілетін дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай мәдени дипломатия екі ел арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтудың маңызды тетігі болып табылатынын атап жеткізді.
Фестиваль қонақтары Қазақстан дизайнерлерінің шығармашылығына үлкен қызығушылық танытып, қазақ халқының дәстүрлері мен ұлттық өнерінің өзіндік ерекшелігін жоғары бағалады. Әсіресе ұлттық киімдерге, дәстүрлі элементтердің заманауи үйлесуіне және музыкалық өнерге ерекше назар аударылды.
Ethnology Fest – материалдық емес мәдени мұраны кеңінен насихаттауға, мәдени бірегейлікті сақтауға, сондай-ақ, дәстүрлі қолөнерді заманауи сәнмен ұштастыруға бағытталған жыл сайынғы халықаралық фестиваль. 2026 жылы фестивальдің 10 жылдық мерейтойы аясында Қазақстан шығармашылық ұжымының қатысуы Qazaq Creative Креативті индустрияларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылды.
Белград, 2026 жылғы 15 қыркүйек – Қазақстанның Сербия Республикасындағы Елшісі Болат Иманбаев Сербия Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Наташа Рашевичпен кездесті.
Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты консулдық-құқықтық салада дамыту, сондай-ақ екі ел арасындағы шарттық-құқықтық базаны кеңейту мәселелері талқыланды.
Қазақстан мен Сербия азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау, консулдық байланыстарды дамыту, консулдық көмек көрсету тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ осы саладағы тәжірибе алмасу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар консулдық мәселелер бойынша сындарлы өзара іс-қимылды жалғастыруға және екіжақты күн тәртібінің өзекті бағыттары бойынша жұмыс байланыстарын қолдауға уағдаласты.
Белград, 2026 жылғы 11 қыркүйек – Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Сербия Президентінің сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісі Татьяна Йовичпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Мемлекет басшысының Сербияға 2024 жылғы 18-19 қарашадағы ресми сапары және Сербия Президенті А.Вучичтің 2026 жылғы 26-27 ақпанда Астанаға сапары қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру барысын талқылады.
Т.Йович ресми Белград Сербия мен Қазақстан арасындағы достық байланыстарды нығайту және екі ел халықтарының жақындасуы бағытындағы дәйекті саясатын одан әрі жалғастыратынын атап өтті.
Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер бойынша екі ел ұстанымдарының ортақтығын және халықаралық құқық нормаларын сақтауға бейілділігін атап өтіп, сондай-ақ, қазіргі бірлескен жобаларды іске асыру барысын және цифрландыру, жасанды интеллект, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және құрылыс салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Белград, 2026 жылғы 8 қыркүйек – Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Сербия Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Тамара Растовац-Сиамашвилимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар қазіргі жобалардың іске асырылу барысы мен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің перспективаларын, оның ішінде цифрландыру, жасанды интеллект, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм және құрылыс салаларындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Мәдени-гуманитарлық бағыттағы ынтымақтастықты білім беру саласындағы байланыстарды, сондай-ақ, денсаулық сақтау мекемелері, спорттық және шығармашылық ұжымдар арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру арқылы тереңдетуге қызығушылық білдірілді.
Тараптар 2026-2027 жылдарға жоспарланған екіжақты іс-шаралардың кестесі бойынша пікір алмасты. Оның ішінде Қазақстанның Белградта өтетін «ЭКСПО-2027» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу мәселесі талқыланды.
Белград, 2026 жылғы 3 қыркүйек – Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Сербия Республикасының Халықаралық экономикалық ынтымақтастық министрі Ненад Поповичпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Мемлекет басшысының Сербияға
2024 жылғы 18-19 қарашадағы ресми сапары және Сербия Президенті А.Вучичтің 2026 жылғы 26-27 ақпанда Астанаға жасаған сапары қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады.
Министр Н.Попович Қазақстан басшылығын Құрылтай сайлауының сәтті өтуімен құттықтап, сондай-ақ, Сербия басшылығының жоғары деңгейде қол жеткізілген барлық уағдаластықтарды іске асыруға берік бейілділігін атап өтті. Сонымен қатар, ол көлік, құрылыс, жасанды интеллект, цифрландыру және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларына ерекше тоқталды.
Елші Қазақстан тарапының ауыл шаруашылығы, энергетика, туризм және денсаулық сақтау салаларындағы өзара тиімді әріптестікті нығайтуға мүдделі екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар алдағы кезеңге арналған нақты жоспарлармен алмасты. Бұл жоспарлар қазақ-серб қатынастарының одан әрі дамуына жаңа серпін беруге бағытталған.
Белград, 2026 жылғы 26 тамыз – Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Болат Иманбаев Сербияның Гендерлік теңдік жөніндегі министрі Татьяна Мацурамен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қазақстан дипломаты серб тарапын елімізде жуырда өткен Құрылтай сайлауы, сондай-ақ, жүзеге асырылып жатқан ауқымды конституциялық және саяси реформалар туралы хабардар етті.
Т.Мацура әйелдерді жан-жақты қолдауға және отбасы институтын нығайтуға бағытталған Қазақстанның мемлекеттік саясатын жоғары бағалап, өз кезегінде әйелдердің экономикалық және саяси құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту саласындағы Сербия тәжірибесімен таныстырды.
Тараптар әйелдер, отбасы және балалардың құқықтарын қорғау саласында тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, осы бағыттағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді.
Сербия министрі қазақ тарапына 2026 жылғы 7 қазанда Белград қаласында өтетін Belgrade Women’s Conference: Rise 2026 халықаралық әйелдер форумына қатысуға шақыруын табыстады.
Сіздерге 2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтетінін хабарлаймыз.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Белградтағы Елшілігі жанында сайлау учаскесі болмағандықтан, Сербия Республикасының аумағында тұрақты және уақытша тұратын Қазақстан Республикасының азаматтары өздерінің конституциялық құқықтарын жақын орналасқан мемлекеттердегі ҚР Елшіліктері жанындағы сайлау учаскелерінде жүзеге асыра алады.
Дауыс беру 2026 жылғы 23 тамызда (жексенбі) сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жергілікті уақыт бойынша өтеді.
Сайлау күні өзіңізбен бірге Қазақстан Республикасы азаматының қолданыстағы паспортын алып жүру қажет.
Алдағы сайлау туралы толық ақпарат Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының сайтында қолжетімді: www.election.gov.kz.
Белград, 2026 жылғы 17 тамыз – Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Болат Иманбаев Сербия Республикасының Президенті Александр Вучичке сенім грамоталарын тапсырды.
Сербия Президенті А. Вучич Астанаға жасаған жуырдағы сапарын жылы лебізбен еске алып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ізгі тілектерін жеткізді. Ол Сербия мен Қазақстан арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға және жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды бірлесіп іске асыруға берік бейілділігін растады.
Қазақстандық дипломат Астананың екі ел арасындағы өзара сенімге негізделген әріптестікті сақтауға және тереңдетуге, сондай-ақ көпқырлы қазақ-серб ынтымақтастығын одан әрі дамытуға бағытталған ұстанымын растады.
Кездесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі бірқатар өзекті мәселелерді талқылады. Биылғы жыл Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуымен ерекшеленетінін атап өтіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, цифрландыру және құрылыс салаларындағы, сондай-ақ мәдениет, ғылым, денсаулық сақтау, білім беру және туризм бағыттарындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға назар аударды. Бұл ретте екі елдің астаналары арасында тікелей әуе қатынасының болуы да атап өтілді.
Кездесу соңында А. Вучич Қазақстанның Белградта өтетін EXPO 2027 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуын құптап, Елші Б. Иманбаевқа Сербиядағы дипломатиялық қызметіне табыс және жемісті жұмыс тіледі.
14 тамыз 2026 жыл, Белград – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Белградқа жұмыс сапарымен барды.
Сапардың негізгі тақырыбы 2024 жылы Мемлекет басшысының Сербияға жасаған ресми сапары және 2026 жылғы ақпанда Сербия Президенті Александр Вучичтің Астанаға жасаған сапары қорытындысы бойынша жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылау болды.
Сербия Премьер-министрінің орынбасары – Ішкі істер министрі Ивица Дачичпен кездесуде Қазақстан-Сербия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының 4-отырысы хаттамасының тармақтарын практикалық тұрғыдан іске асыру мәселелері, сондай-ақ, Комиссияның кезекті отырысын өткізу перспективалары және оның мазмұндық тұрғыдан толтырылуы талқыланды.
Сербия СІМ Мемлекеттік хатшысы Дамьян Йовичпен өзара қызығушылық тудыратын өзекті өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасу өтті.
Тараптар биыл дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толып отырған екі ел арасындағы саяси ынтымақтастықтың ең жоғары деңгейде екенін атап өтіп, екіжақты диалог аясында да, халықаралық аренадағы өзара қолдау тұрғысынан да әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді. Осы орайда серб тарапы Қазақстанның Сербияның аумақтық тұтастығын қолдайтыны үшін алғысын білдірді.
Қазақстанның Белградта өтетін алдағы EXPO-2027 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу мәселелері Сербияның ішкі және сыртқы сауда министрі, көрме комиссары Ягода Лазаревичпен кездесуде талқыланды.
Астананың EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің инфрақұрылымын көрмеден кейін пайдалану тәжірибесіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, тараптар сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және екіжақты байланыстарды кеңейтуге өзара мүдделі екендерін білдірді. Я.Лазаревич Қазақстанның өңірлік логистикалық хабқа ғана емес, Еуропа мен Азия арасындағы жаһандық көпірге айналу бағытындағы серпінді трансформациясын атап өтті.
Сербияның халықаралық экономикалық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі портфельсіз министрі Ненад Поповичпен кездесу қорытындысы бойынша ресми Белградтың Қазақстанмен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету бағыты расталды.
Ядролық өнеркәсіп, тұқым шаруашылығы, жоғары білім беру, сондай-ақ, ғарыштық технологиялар, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары атап өтілді.
Екі елдің іскер топтары арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту перспективалары Сербияның Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығымен және Қазақстан-Сербия Іскерлік кеңесінің мүшелерімен өткен кездесуде талқыланды.