2020 жылғы 9-10 қыркүйек кезеңінде Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Ғабит Сыздықбеков Сербияның Златибор округіне жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында өңір басшысы Бобан Перишичпен және Ужице қаласының мэрі Елена Ракович Радивоевичпен (Ужице қаласы – Златибор округінің астанасы) кездесулер өткізілді.
Одан бөлек, Қазақстан Елшісі Златибор округінің сауда-өнеркәсіп палатасының басшысы Ана Лапчевичпен және жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті. Сербиялық бизнесмендер Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен ынтымақтастық орнатуға перспективті жобалармен таныстырылды.
Ғ.Сыздықбеков қала әкімдігі өкілдерімен бірге Ужице шаһарының орталық көшелері мен саябақтарын аралап көрді. Пікір алмасу барысында Златибор қаласымен туризм саласындағы ынтымақтастықтың келешегіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, тараптар экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы өңірлік деңгейдегі өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін талқылады.
Шығыс Қазақстан облысымен орнатылған бауырластық байланыстарды жан-жақты жандандыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
Ужица қаласының орталық саябағында қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың бюсті немесе ескерткішін орнату туралы өңір басшылығымен нақты уағдаластыққа қол жеткізілді.