Қазақстанның Сербиядағы Елшілігі кеңес жауынгерлерін еске алды

Қазақстанның Сербиядағы Елшілігі кеңес жауынгерлерін еске алды

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Ғабит Сыздықбеков Белградты азат етушілер монументіне және Кеңес Одағының жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Салтанатты рәсімге Сербия Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Сыртқы істер министрі Ивица Дачич, Еңбек, жұмыспен қамту және ардагерлер істері министрі Зоран Джорджевич, Белград қаласының әкімі Зоран Радойичич, дипломатиялық корпус, сондай-ақ қоғамдық және ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты. Жиында Қазақстан, Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Армения және Сербия әнұрандары шырқалды.

Салтанатты іс-шара аяқталғаннан кейін Елші Ғ. Сыздықбеков, сондай-ақ Сербия Республикасы Еңбек, жұмыспен қамту және ардагерлер істері министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Ненад Нерич, Белград қаласы әкімінің орынбасары Андрей Младенович және дипломатиялық корпустың өкілдері Авала тауындағы Кеңес Одағы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

 

Көп ұлтты Қазақстан халқы фашизммен күреске қомақты үлес қосты. 6 млн. 200 мың қазақстандықтардың арасынан Екінші дүниежүзілік соғыс майданына 1 млн. 200 мыңға жуық отандасымыз шақырылды, 700 мыңнан астам адам майданға қажетті заттармен қамтамасыз ететін қорғаныс кәсіпорындарында еңбек вахтасын атқарды. Қазақстан аумағында 12 атқыштар мен 4 кавалериялық дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктар мен батальондар құрылды. Қазақстандық әскери құрамалар барлық майдандарда ерлікпен шайқасты: Ленинградты қорғап, Сталинград пен Ржев түбінде және Курск иінде соғысты, ал Украинаны, Беларусьті, Молдованы және Еуропаның басқа елдерін босатты. Мәскеу түбіндегі шайқаста аты аңызға айналған 8-ші Гвардиялық Панфилов дивизиясы ерекше ерлік көрсетті. Ұлы Жеңіс тарихында жеңілген Рейхстаг қабырғасына алғашқылардың бірі болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевтың есімі өшпестей жазылған.

Майданға кеткен қазақстандықтардың жартысынан көбі соғыстан оралмады. 500-ден астам жерлесіміз Кеңес Одағы Батырының жұлдызы жоғары наградасымен марапатталды, 113 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденінің иегері болды.