
Нұр-Сұлтан қаласында 13 күн ішінде коронавирустық инфекциямен ауырған науқастарға арналған аурухана салынды.
Аурухана ғимараты тез құрастырылатын құрылыс технологиясын пайдалана отырып, модульдік блоктардан тұрғызылды. 200 орынға есептелген аурухана медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи құралдармен жабдықталған. Аурухана Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының барлық нормаларына сай келеді.
Медициналық мекеменің жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді құрайды. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 5,5 миллиард теңге бөлінді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі апта ішінде салынған жаңа аурухананы аралап көрді. Ол мекеме қызметкерлерімен кездесіп, науқастарды емдеуге қажетті барлық құралдармен жабдықталған емдеу бөлімшелері мен палаталарды аралап көрді.
Қазақстанда бүгінде коронавирус жұқтырған 2,3 мыңнан астам науқастар тіркелген. Олардың ішінде 585 адам ауруынан жазылып шықты, 24 адам қайтыс болды.