Сербияда Қазақстандағы парламенттік сайлауға арналған брифинг өтті

Сербияда Қазақстандағы парламенттік сайлауға арналған брифинг өтті

2023 жылғы 6 наурыз, Белград - Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Мәди Атамқұлов Сербияның жергілікті БАҚ өкілдері және сарапшылар қауымдастығы үшін брифинг өткізді.

Іс-шараға болу елінің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және Сербияның Сыртқы саяси институттарының сарапшылары қатысты.

Брифинг барысында Қазақстан Республикасының Елшісі қатысушыларды алдағы сайлауға дайындық барысы туралы хабардар етіп, ҚР Парламентінің төменгі палатасы депутаттығына жеті саяси партиядан атсалысатын кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеу қорытындыларымен таныстырды.

Мәди Атамқұлов сөз сөйлеуінде Қазақстан өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басқандығына, сонымен бірге елімізде жаңарудың серпінді және жан-жақты үдерісі жүріп жатқандығына назар аударды.

Қазақстандық дипломат «бұл сайлау қоғамда болып жатқан өзгерістердің жарқын бейнесіне айналып, біздің саяси жүйемізді одан әрі жаңғыртуға қуатты серпін беретіндігін» ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ол  «Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау мемлекеттік институттарды қайта жүктеудің соңғы кезеңі екендігін және осылайша «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы нақты мазмұнмен толтырылатындығы» туралы сөзіне тиек етті.