Қазақстан мен Сербияның қорғаныс және құқық қорғау саласындағы ынтымақтастығын кеңейту туралы

Қазақстан мен Сербияның қорғаныс және құқық қорғау саласындағы ынтымақтастығын кеңейту туралы

Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Ғабит Сыздықбековты Сербияның Қорғаныс және Ішкі істер министрлері қабылдады.

2020 жылдың 5 наурызында Сербия Қорғаныс ведомствосының басшысы Александар Вулинмен кездесу барысында Қазақстан Өкілі екі ел арасындағы достық және сенімді қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, Министрге ашықтығы және бірлескен жұмысқа әзірлігі үшін алғысын білдірді.

Сербия Қорғаныс ведомствосының жетекшісі Қазақстан Елшісін жылы қарсы алып, оның дипломатиялық миссиясын жүзеге асыруға қажетті көмек көрсетуге дайындығын білдірді.

Тараптар екі елдің әскери-техникалық саладағы ынтымақтастығын жандандырудың жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

Екіжақты өзара іс-қимылдың нормативтік-құқықтық базасын кеңейту тақырыбын талқылау барысында Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қою мәселесіне ерекше назар аударылды.

2020 жылғы 6 наурызда Қазақстанның Елшісі Сербияның Ішкі істер министрі Небойша Стефановичпен кездесті.

Тараптар екі мемлекет арасындағы достық және сенімді қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтті және құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылады.

Н.Стефанович Сербия мен Қазақстан аумақтарының транзиттік ерекшелігінің ұқсастығына назар аударып, тараптар халықаралық іздеу жарияланған адамдарды іздестіру, есірткі айналымы және терроризммен күрес салаларында өзара тәжірибе алмасуды сәтті жүзеге асыра алатындығын атап өтті. Қылмыстық іздестіру саласындағы ынтымақтастық дәстүрлі түрде қызығушылық тудырады. Сонымен қатар, серб тарапы екі мемлекеттің құқық қорғау органдарының бірлескен жаттықтыруларын өткізуге қызығушылық танытты.

Қазақстандық тарап экономикалық дипломатияға септігін тигізу және инвесторлар мен экспорттаушыларға құқықтық қорғауды қамтамасыз ету мақсатында экономикалық қылмыстарға қарсы күрес және тергеу саласында ынтымақтастық орнатуды ұсынды.

Қоғамдық қауіпсіздік әдістерін жетілдіруді талқылау аясында қаланы және жолды визуалды бақылаудың техникалық құралдарын қолдануда мемлекеттердің өзара көмек көрсету перспективаларына ерекше назар аударылды. Өкілдер өз елдерінің осы саладағы соңғы жетістіктерімен бөлісті. Осы орайда, Сербияның құқық қорғау органының басшысы бұл амалдар қылмыстардың ашылуының артуына, құқық бұзушылық статистикасының, оның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және азайтуға септігін тигізетінін атап өтті.

Тараптар Қазақстан мен Сербияның ішкі істер органдарының өзара тығыз қарым-қатынасын қамтамасыз ету және ынтымақтастықтың көрсетілген әлеуетін іске асыру үшін екіжақты нормативтік-құқықтық базаны күшейтуге өзара қызығушылықтарын атап өтті.

Кездесу соңында Сербия Республикасының Ішкі істер министрі Қазақстан Елшісіне серб тарапының достас мемлекеттің дипломатиялық миссиясын жүзеге асыруда қажетті көмек көрсетуге дайын екендігін білдірді.