
Белград, 2021 жылғы 3 желтоқсан – Сербия астанасы Мэриясының орталық тарихи залында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Қазақстан мен Сербия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына арналған фотокөрме ашылды.
Іс-шараға Қазақстан-Сербия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның тең төрағасы, Сербияның инновациялар және технологиялық даму министрі Н.Попович, Халық скупщинасының депутаттары, Сербияның Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, дипломатиялық корпус, сондай-ақ академиялық топтар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Сербия Республикасындағы Елшісі Мәди Атамқұлов еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы саяси және экономикалық жетістіктері, халықаралық бастамалары, сондай-ақ Қазақстан халқының тарихы мен мәдениеті туралы сөз сөйледі.
Құттықтау сөзінде Сербия Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Н.Старович Қазақстанның саяси және экономикалық салалардағы жетістіктерін жоғары бағалап, екіжақты қатынастарының достық сипатын ерекше атап өтті.
Шақырылған тұлғалардың назарына Қазақстанның көпқырлы табиғаты мен қалаларының заманауи келбетін жеткізетін фотосуреттер топтамасы ұсынылды және Қазақстанның тәуелсіздіктің 30 жылындағы жетістіктері мен соңғы 25 жылдағы екіжақты қарым-қатынастардың даму динамикасы туралы бейнеролик көрсетілді.
Фотокөрменің ашылуының алдында қонақтар маэстро Эльдар Сапараевтың орындауындағы виолончельдің керемет үнін, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласынан келген жас және талантты домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыздың өнерін тамашалады.