
Белград, 2021 жылғы 24 қараша - Қазақстанның Сербиядағы Елшілігі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Қазақстан мен Сербия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 25 жыл толуына орай сараптамалық дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Осы іс-шараға Сербияның Халықтық Скупщина депутаттары, үкімет мүшелері, СІМ мен БАҚ өкілдері, сарапшылар тобы шақырылды.
Қазақстан Елшісі М.Атамқұлов өз сөзінде дөңгелек үстелге қатысушыларды еліміздің егемендік жылдарындағы жетістіктері, жас республикаға қысқа тарихи кезең ішінде ауқымды саяси және нарықтық қайта құруларды табысты жүргізуге, сондай-ақ халықаралық қоғамдастықтың толық құқылы мүшесі және жалпы танылған өңірлік көшбасшы болуға мүмкіндік берген ішкі саяси реформалар мен сыртқы саяси бастамалар туралы хабардар етті.
ҚР Тұңғыш Президентінің күні қарсаңында Н.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу үдерісіндегі зор рөліне, сондай-ақ Елбасы бағытын жалғастырушы Президент Қ.Тоқаевтың қазіргі саясатына ерекше назар аударылды.
Қазақстан-Сербия сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі ҮАК тең төрағасы, Сербияның инновациялар және технологиялық даму мәселелері жөніндегі министрі Н.Попович «екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 25 жылы ішінде саяси диалог жолға қойылғанын» және қазіргі уақытта екіжақты ынтымақтастықты, әсіресе сауда-экономикалық салада дамытуға екі жақты қызығушылық бар екенін атап өтті. Сербиялық саясаткер ү.ж. 10 шілдеде күшіне енген ЕАЭО және оған мүше мемлекеттер мен Сербия Республикасы арасындағы еркін сауда туралы келісімге байланысты ерекше үміт білдірді.
Сербия Халық Скупщинасының депутаты, Қазақстанмен парламенттік достық тобының мүшесі Д.Карич өзінің бейне үндеуінде «жас мемлекеттің күшті, қуатты дамуын» атап өтіп, ел басшылығының осы 30 жылдағы саясатының арқасында бүгінде әлем картасында «құрмет тудыратындай» беделді ел бар екенін атап өтті. Сербиялық депутат Қазақстан халқына одан әрі өркендеу мен табыс тіледі.
Сербия СІМ Ресей және Еуразия департаментінің директоры М.Милошевич Қазақстан мен Сербия қатынастарының жай-күйі мен даму перспективалары туралы баяндама жасады. Ол «қазіргі Қазақстан экономикасы дамыған, халықаралық қоғамдастықта өз беделі бар және Сербияның маңызды серіктесі болып табылатын сенімді мемлекеттің үлгісіне айналғанын» атап өтті. Сербиялық дипломат экономикалық өзара іс-қимылдың, атап айтқанда, Қазақстанда Орталық Азия өңіріне сербиялық тауарларды жеткізу бойынша бірлескен логистикалық хаб құру перспективаларына назар аударды.
Сербиялық саясаттанушы В.Стевич Қазақстан мен Сербия ынтымақтастығының екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді атап өтіп, жоғары оқу орындары арасындағы кооперация саласында, атап айтқанда, студенттік алмасуды, тағылымдамаларды және т.б. ұйымдастыру бойынша белсенді өзара іс-қимыл жасауды ұсынды.
Белград Халықаралық саясат және экономика институтының сарапшысы Б.Стоянович Қазақстанның ядролық қаруды таратпау, сондай-ақ қоғамды демократияландыруға және адам құқықтарын қорғауға бағытталған саяси реформаларды дәйекті жүзеге асыру саласындағы сүбелі үлесі мен жетістіктерін жоғары бағалады.
Жалпы, Сербияның сарапшылық қоғамдастығының өкілдері Қазақстанмен мемлекетаралық та, сондай-ақ өңіраралық деңгейде де ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық танытты.