Қазақстанның Елшісі Ғабит Сыздықбеков ү.ж. 16 сәуірде Сербиямен инновациялық саладағы ынтымақтастық әлеуетін зерделеу бойынша Елшіліктің қызметі шеңберінде Сербиядағы мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, ақпаратты қорғау, жасанды интеллект және басқа да бірқатар бағыттарға маманданған алғашқы және бірден-бір жоғары технологиялар ғылыми-зерттеу институты – «Vlatacom Institute» компаниясына барды.
Қазақстан Елшісі компанияның негізін қалаушы және президенті Владимир Цизельмен кездесу өткізіп, институттың құрылу тарихымен және қызмет ерекшеліктерімен танысты.
Қазақстандық дипломаттың назарына өндірілетін түрлі өнім үлгілері, компанияның зертханалары мен мониторингтік орталығы ұсынылды.
Қазақстанның Елшісі Ғ.Сыздықбеков пен «Vlatacom Institute» президенті В.Цизель келіссөздер қорытындысы бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты, бірінші кезекте, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, технологиялар трансферті және мамандарды оқыту бағыттары бойынша жолға қоюға қызығушылық танытты.