Қазақстан Елшісі Ғ.Сыздықбековтің Сербия Республикасы Халықтық Скупщинасының Қазақстанмен достық тобының депутаттарымен кездесуі туралы

Қазақстан Елшісі Ғ.Сыздықбековтің Сербия Республикасы Халықтық Скупщинасының Қазақстанмен достық тобының депутаттарымен кездесуі туралы

Ү.ж. 12 сәуірде Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Ғабит Сыздықбеков Сербия Республикасының Халықтық Скупщинасының Қазақстанмен достық тобының депутаттарымен кездесті.

Жуздесу барысында қазақстандық дипломат екі ел арасындағы қатынастардың дәстүрлі достық және сенімді сипатын, сондай-ақ Қазақстанның екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға деген ұмтылысын атап өтті.

Ғ.Сыздықбеков Сербия Парламенті мүшелерін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саяси бағытқа сәйкес болып жатқан Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер мен реформалар туралы егжей-тегжейлі хабардар етті. Азаматтық қоғамды дамыту және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Парламентаралық ынтымақтастықты нығайту тақырыбын талқылай отырып, Қазақстан Елшісі өзара іс-қимылды жандандыруды ұсынды. Атап айтқанда, екі ел заң шығарушы органдары арасында парламентаралық достық және ынтымақтастық топтары депутаттарының өзара сапарларын ұйымдастыру қисындылығын тілге тиек етті.

Ғ.Сыздықбеков биыл Қазақстан мен Сербия екіжақты дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 25 жыл болатынын айта келіп, біздің еліміз  Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын мерекелейтінін де еске салып өтті.

Қазақстан Елшісі парламентарийлердің назарын Қазақстан мен Сербияның, оның ішінде өңірлер деңгейіндегі экономикалық ынтымақтастығының мүмкіндіктері мен әлеуетіне аударды. Ол екіжақты күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі тікелей әуе қатынасын ашу болып қала беретінін атап өтті. Бұл мәселені шешу үшін екі тараптың бірлескен жұмысы қажет.